«Егіні бітік өскеннің, қырманына қыдыр қонады» дейді дана халқымыз. Қарбызы мен қауыны, қияры мен қызанағы, асқабақ пен аскөгі көрген жанның көзінің жауын аларлық, «қырманына қыдыр қонған» бақташылар – Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымы мен қызмет алушылары. Бұлай деуіміздің басты себеп - аталған мекеме ауласындағы 1 гектардай жерге егілген бау-бақша.
«Жақсыны көрмекке» демекші Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы бабы келісікен бақшаны өз көзімізбен көру үшін қызу еңбектің алаңына арнайы бас сұқтық. Орталық ауласындағы жайқалған жасыл-желек, жайнаған әсем гүлдер, тазалық пен тәртіп мұндағы әрбір жанның әдемілікке құмар, еңбексүйгіш адамдар екенінен хабар беріп тұрғандай.
Орталық қызметкері, еңбек терапиясының нұсқаушысы Әділжан Тасболатов бізге жол басшы болып, егілген бақшаға қарай алып жүрді. Менің әр алуан гүлдерге таңырай қарап келе жатқанымды байқаған ол «Осы гүлдерді, жас көшеттер мен ағаштарды жаз бойы күтіп баптайтын біздегі қызмет алушылар. Айналадағы әдеміліктің барлығы сол азаматтардың қолдарынан шыққан.» деп ем алушылардың еңбекқорлығын тілге тиек етіп қойды.
Орталық бақшасы арнайы реттілікпен жүйе-жүйе болып егілген екен. Бақшада жапырақ арасында сап-сары қауындар, ала қарбыздар мен асқабақтар домалап, қызанақ-қиярлар жайқала өсуде. Бір бөлікте көк пияздар қылтияды. Бақшаға бажайлай көз салып, бір-екі сурет түсіріп алып, жауапты жұмыстың басы-қасында жүрген Әділжан ағамыз әңгімеге тарттық.
қарапайым тұрмыстық дағдыларын қалыптастыру мақсатында 2017 жылдан бері қолға алынып, жүзеге асып келеді. Әрине, бас кезінде мол өнім береді деп күтпедік. Сол себепті де азғантай жерден бастаған болатынбыз. Ал бүгінде біздің бақшамыз осындағы тәрбиеленушілердің өзін қамтамасыз етуге жетерліктей өнім беруде. Бақша көлемін ұлғайтып, егілетін көкөніс түрлерін арттырып, соған сай алар өнімімізде молаюда. Жалпы, орталықта 55 қызмет алушылар болса, оның 34-і ер адам, 21-і әйел адам. Сәйкесінше, ер азаматтар бақшаны күтіп баптау жұмыстарымен айналысса, әйел азаматтар нұсқаушымен бірлесе жиналған өнімдерді банкаларда тұздап, маринадтаумен айналысады. Тәрбиеленушілердің еңбекке деген құлшынысы жоғары. Әрбір егілген дәнге үлкен махаббатпен қарап, жылда төккен терінің жемісін көру оларды еңбек етуге одан әрі шабытандыра түседі. Жаз бойы балғын, табиғи көкөністерден салаттар жеп, қыста өнімдердің тұздалған түрін тұтынады.
Бақшамызға суды Қарасу тоғанынан шлангы арқылы сорып алып, оны арнайы су сақтайтын көлемді ыдыста жинаймыз. Күн қызуымен жылыған суды бақша суаруға қолданамыз. Осы орайда, демеушілер қолдауымен болса да Қарасудан су жеткізетін жерасты құбырлары тартылып берілсе, бізге үлкен көмек болар еді деген тілегімді жеткізгім келеді. Жерасты арқылы сексендік немесе жүздік тұрбамен су тартылса - қамкөңіл жандарға жасалған қайырымдылықтың үлкені сол болмақ. – деді Әділжан Тасболатов.
Кейбір тепсе темір үзер замандастарымыздың қолынан келе бермейтін істі қолға алған қызмет алушылардың еңбегіне қарап сүйсіндік. Халық даналығында «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды.» деген сөз бар. Ертелі-кеш адал еңбекпен ырыс-берекесін арттырған арнаулы орталықтағы азаматтар ісі көпке үлгі.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz