Бәйтерек ауданына қарасты Асан ауылының тұрғындары қаражат жинап, екі оттегі аппаратын алғаны жайында жазған едік. Бүгінде ол аппараттар қажетті орнына жеткізілген. Қазіргі таңда жамағат тағы да қаржы жинап, облыс орталығы мен шалғай аудан ауылдарындағы індет жұқтырған азаматтарға дәрі-дәрмек жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы мешіт имамы Мұратбек қажы өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеді.
Ақпараттық нақтылай түспек ниетпен Мұратбек Жахатовқа хабарласқанымызда мешіт жамағаты мен бөкейордалық ағайын қаржы жинап, тағы да екі оттегі аппаратын сатып алғандығын айтып, қолдарынан келгенше дәріге мұқтаж азаматтарға көмек беруге дайын екенін жеткізді.
- ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қарапайым халыққа қамқор болуға шақырған "Өмірге үміт сыйла" үндеуін қабыл алып, имам ретінде 1000 000 теңгенің дәрі-дәрмегін отбасымның, қолдаушы жолдас жігіттердің атынан сыйлаймыз. Алыс ауылдарға оттегі аппараттарын жеткіздік. Тағы екі аппарат жолда келе жатыр. Қолдау білдірген Асан ауылдық мешітінің жамағаты мен бөкейордалық жерлестеріме және қуаттап, жол ашқан облыстық мешіттің бас имамы Мұратбек Қыстаубаев пен найб имам Самат Әлибаевтарға ризашылық білдіремін. Ең бастысы садақамызда Алла қабыл етсін! Бұрынғы жайма-шуақ күндеріміз қайта оралсын! Сол күндерде жолығайық. Сауапты істер жалғасын таба берсін,- деді Мұратбек қажы Жахатов хабарласқанымызда.
Бүгінде дәрі-дәрмектің бір партиясын алдырған мешіт жамағаты келесі партияны күтуде. Имамның айтуынша, елге жеткізілген препараттар ең алдымен дәрі алуға шамасы жоқ отбасылар мен дәріханасы жоқ шалғай ауылдарға жеткізіледі екен. Ал апта соңында елге жеткізілетін екі оттегі аппаратының біреуі Жаңақала ауданының Қызылоба ауылына баратын болса, екінші аппаратты қайда жіберу қажеттігін мешіт жамағаты шешпек.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz