31.03.2022, 15:39
Оқылды: 73

Әсел әспеттеген әсем өнер 

Теректі ауданы Әйтиев ауылындағы бір ауланың сыртындағы балаларға арналған әдемі әткеншекті, шағын ойын алаңын, жазғы үйдің қабырғасына салынған көз тартар керемет суретті көргенде, «осы үйде қолы шебер жан тұратын шығар» деп әрлі-берлі өткенде ойлай-тұғынмын. Солай болып шықты. Кейін таныса келе, бұл баспананың иесі Ғұмаровтар отбасы екенін білдім. Отағасы Асқар аға мен отанасы Әсел апай өте еңбекқор, шаруаға мығым, қолдары алтын адамдар.  

IMG-20220331-WA0076

Әсел Ғұмарованың суретші деген арнайы мамандығы болмаса да, құдды бір нағыз суретшіден артық болмаса, кем емес.  Ол жастайынан сурет салуға, қолөнерге әуес болып өскен. Сол кезден бастап қарындаш пен қылқаламмен «достасып», өз қиялынан түрлі тақырыпта талай туындыларын дүниеге әкелген.

IMG-20220331-WA0080

— Үй ішінде анам және ағам сурет салумен шұғылданады. Ағам көбінесе портреттерді, ал мен балаларға арналған суреттерді салғанды ұнатамын. Ең бастысы, бұл өнермен айналысқанда шабыттанып, демалып қалатыным рас. Оқушы кезімде мектепте өтетін шараларға арнап плакат, қабырға газеттерін әрлеп жүруші едім. Сонымен қатар  маталарға, қапшықтардың сыртына өз қолтаңбамды қалдырдым, — дейді кейіпкеріміз.

IMG-20220331-WA0077

Әмбеге аян, балалар шығармашылығында балаға әр қырынан тигізер пайдасы өте жоғары салалардың бірі — көркем сурет. Жалпы, бала қиялын дамытуда, икемін бағыттауда ата-ананың алар орны айрықша. Осы орайда Әсел апайдың еңбегі зор. Өйткені, ол кісінің төрт баласы да сурет өнерінен қара жаяу емес. Бала қиялы шексіз ғой. Олардың суреттерін қарап отырсаңыз, ғажап әлемге енгендей боласыз. Тамаша!

Өмір есігін ашқан әрбір жанның Құдай берген дарыны немесе өнері болатыны сөзсіз. Кейіпкеріміздің түрлі түсті жіптерден шұлық тоқитын өнері тағы бар. Сондай-ақ, бұл қатарға кесте тігуді қосыңыз. Дәл қазіргі уақытта аяқ астына төсеуге арналған дөңгелек пішінді төсеніш тоқумен айналысып жүр. Көрдіңіз бе, бір басында  қаншама талант һәм өнер бар!

IMG-20220331-WA0078

Адамгершіліктің ақ туын нық ұстаған Әсел апайдың адамдармен қарым-қатынасы  тым тәуір. Көршілерге де көмегі көл-көсір. Үй шаруасын дөңгелетіп отыр. Қимылы шапшаң. Қашан көрсеңіз де асығыс. Сөйтіп-дағы, баланың тамағы, сабағы бар дегендей, күллі іске үлгеріп жүреді.

IMG-20220331-WA0079

Шыны керек, бүгінгі таңда көп балалы ана дегенде, көз алдыңызға «анау жоқ, мынау жоқ» деп көрінген жанмен ұрысып-керісіп, өздерінің құрсағынан шыққан баланы өзгеге міндетсініп жүрген әйелдер қауымы елестейді. Әсел Ғұмарова да көп балалы ана. Ал ол кісі жаңағы сөзіміздің антонимі. Тоқ етері, барша әйелдер қауымы осындай жаннан үлгі алса, қанекей!?

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале