17.03.2021, 15:53
Оқылды: 119

Әскерге бару – абырой

Туған жерін, кең даласын қорғау үшін қасық қаны қалғанша күрескен өр рухты, батыр халықтың ұрпағымыз. Тегіне тектілік сіңген, қанына қайсарлық дарыған ата-бабамыздың ізін жалғау – біздің және келешек ұрпақтың парызы. Осы орайда Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарында жүрген ер азаматтарымызды мақтан тұтамыз. Ел тыныштығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, шекара шебінде жүрген сарбаздарға темірдей төзім тілеп, әскери борышын абыроймен атқарып, өздерін сарғая күткен ата-анасының жанына аман-есен жетулеріне тілекшіміз.

000

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Арман Ахоновтың айтуынша, былтыр жалпы саны 36 сарбаз әскерге аттанды.

- Қазіргі таңда сарбаздар азаматтық парыздарын өтеуде. Биыл көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз-шілде айлары аралығында өтеді. Жалпы биыл көктемде оқуын аяқтайтын студенттерді және 18 жасқа толатын азаматтарды қоса есептегенде 111-ге жуық жас сарбазды әскерге жөнелту жоспары бар. Ол үшін алдымен шақырылушылар медициналық куәландыру мен әскери қызметке жарамдылығын анықтау мақсатында өздері әскери есепке алынған жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге баруы қажет. Егер әскерге шақырылушы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің шақыруы бойынша әскери есепке тұруға дәлелді себепсіз келмейтін болса, 5 АЕК мөлшерінде (14585 тг) айыппұл түріндегі жауапкершілік қарастырылған. Медициналық куәландырудан немесе азаматтарды есепке қою жөніндегі комиссияның немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша тексерілуден жалтарған жағдайда, ескерту берілуі немесе 3 АЕК мөлшерінде (8751 тг) айыппұл салынуы мүмкін. Сондықтан барша әскерге шақырылушыларды, ата-аналар мен мекеме, ұйым басшыларын әскерге шақыру науқанына жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Қазақстан Республикасын қорғау әрбір азаматтың маңызды міндеті мен парызы екенін естен шығармау керек, - дейді.

Ақтау қаласы 29011 әскери бөлімінде әскери теңіз күштері сабында борышын өтеп келген Бибарыс Рамазанов әскери өмірдің қызықты сәттерін еске алды.

- Әскерге бару – азаматтың борышы. Алғашында менде барғым келмей, әскерге бару уақытыңды зая кетіру деп ойлайтынмын. Сөйтсем, мүлде олай емес екен. Тиісінше ата-анаңнан жырақта жүріп, отбасының қадірін түсінуге, ер-азамат ретінде үлкен өмірге қадам басып, болашаққа жаңа көзқараспен қарауға үйретеді екен. Қолыңа қару ұстаған сәтте бойыңа күш-қуат дарып, рухың көтеріліп, сарбаз қатарына қосылғаныңды мақтан тұтасың. Әскерге бармаған достарым әскерде қатал тәртіп пен әлімжеттік секілді қиындықтар бар деп ойлайды. Алайда, басқа да мамандықтардың, оқудың да өз ауыртпашылығы болатыны секілді әскердегі өмірдің де қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Алғашында үйреніп кету қиын болғанымен, санаулы уақыттан соң ет үйреніп, өзіңді нағыз ер азамат сезінесің. Сондықтан жанымдағы жолдастарымды да әрдайым әскерге баруға үгіттеп жүремін, - дейді ол.

2019-2020 жыл аралығында ОҚО, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде Ұлттық Ұлан сабында әскери борышын өтеп келген Дәулетияр Амангелдиев: «Әскерде барлық жауынгер бірдей. Түріне, ұлтына бөлінбейді. Себебі олар бір отбасы және барлығының да түпкі мақсаты – Отанын, туған жерін қорғау. Жалпы, әскери борышыңды өтеу барысында үлгі алатын, үйренетін дүниелер өте көп. Батылдыққа, жауапкершілікке, өз бетіңмен шешім қабылдауға үйреніп, жалқаулықтан арыласың.

«Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» делінген Қазақстан Республикасының Конституциясының 36- бабында. Сондықтан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болуы үшін жігіттер қауымын әскерге баруға шақырамын» деп ой сабақтайды.

Қазіргі таңда БҚО Атырау қаласында 5546 әскери бөлімінде Ұлттық Ұлан сабында әскери борышын өтеп жүрген Нұрлан Едігенов та әскердегі тыныс-тіршілік жайында ой бөлісті.

- Жалпы өз басым шығармашылыққа жақын адаммын. Өлең шығару, проза жазумен айналысамын. Әскерге шақырған уақытта егер барсам, шығармашылығым тоқтап қала ма деп қорықтым. Алайда әскерге бару әр азаматтың парызы екенін ескеріп, борышымды өтеуге жол тарттым. Қазіргі таңда ешқандай өкінішім жоқ. Себебі бұл жақта маған өте жақсы қолдау көрсетілді, мүмкіндіктер жасалды. Тіпті, шығармашылығымның жаңа қырын аштым десем де болады. Бөлім атынан мүшәйраларға қатысудамын. Газет-журналдарға мақалалар шығардым. Осының барлығы әскердегі басшылықтың арқасында. Замандастарымды, аға-інілерімді әскерге баруға, Отан алдындағы борыштарын өтеуге шақырамын. Әскерде уақытын тиімді өткізе білген, мүмкіндікті дұрыс пайдалана білетін сарбаз үшін жетістікке жету қиын емес. Антыңа адал, тәртіпке темірдей болсаң соның өзі үлкен жетістік, - дейді сарбаз.

«Әскерде ең бірінші темірдей төзім талап етіледі. Ерлік – екінші орындағы нәрсе» демекші, шыдамдылығыңды шыңдап, ақыл мен қайратты қатар пайдалануға үйрететін ең бір тамаша орта бұл – әскер. Еліміздің болашағы білімі мен білегін қатар пайдалана білетін, өз ойын еркін жеткізіп, жауапкершілікті сезінетін, патриот жастарымыздың қолында.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Халық қаhарманы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, әскери өмірдің қатал талабына көніп, ережесін бұлжытпай орындап, Отан алдындағы қасиетті парызын өтеп, ант қабылдаған ер-азаматтар сөзсіз нағыз патриот.

 

Бақытжан Серіков,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Сурет egemen.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале