Тасқала аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Отан алдындағы борышты өтеу – мәртебе» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мұндағы мақсат – жас буынды әскери қызметке ынталандыра отырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу және әскер қатарына алынатын жас сарбаздарға толыққанды ақпарат беру болатын.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, Бәйтерек және Тасқала аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Асхат Ниғимов, «Тасқала» шекара бөлім бастығының орынбасары подполковник Марлен Сапаров, сондай-ақ, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері мен мектеп оқушылары және Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген сарбаздар қатысты. Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жастардың белсенділігі мен жауапкершілігінің маңыздылығына тоқталды. Ал, Асхат Ниғимов әскери шақырудың жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар қазіргі жастардың әскери борышын өтеуден қашпай, керісінше өз елінің алдындағы міндетін адал орындауға ниетті екенін жеткізді. Подполковник Марлен Жұмабекұлы жиналғандарға шекара қызметіне қабылдау тәртібі, мен оларға қойылатын талаптар және әскери саладағы мүмкіндіктер туралы кеңірек түсіндіріп берді. Шара барысында жақында ғана азаматтық борышын өтеп келген жастар әскери өмірдің маңыздылығы мен алған әсерлерімен бөлісіп, оқушыларды батылдық танытып, Отан алдындағы парызын орындаудан қорықпауға шақырды.
Дөңгелек үстел соңында аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев қатысушыларға алғыс айтып, жастарға сәттілік тіледі.
Еламан Құспанов,
Тасқала ауданы