Елорда мен жастардың ұқсастығы көп. Екеуі де албырт, сымбатты, жетілу үстінде. Азаматтық белсенділіктері зор, тұлға ретінде дамуда. Бір сөзбен айтқанда, олардың болашақтары жарқын.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиевтің бәйтеректік жастармен еркін форматта өткен кездесуі кезінде осы жайттар кеңінен сөз болды. Астана күніне орай аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараға ауданның 30-дан аса жасы қатысты.
Ерлан Ерсайынұлы жиналған жастарға еліміздің орталығындағы шағын қаладан қалай алып шаһарға айналғаны туралы айтып, елорда – жас қала болса да екпінмен дамып жатқан шаһар жиырма бес жылда адам танымастай өзгергеніне тоқталды. Мегаполиске қоныс аударып жатқандардың дені жастар екенін баяндап, Астананың ажары жастардың бет-бейнесі мен өмір салтымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Жалпы кездесу барысында қазіргі таңдағы еліміздегі өзекті мәселелер, жастардың көкейінде жүрген сұрақтар талқыланып, жазғы уақытта аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткізілетін іс-шаралар туралы ұсыныстар айтылды.
Кездесу соңында белсенді жастарға, олардың ата-аналарына алғыс хаттар пен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz