Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында асық атудан Бәйтерек ауданында чемпионат өтті.
Бәйтерек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер қатысты.
Ұлттық спортты дамытып, оқушылар арасында асық ойынын кеңінен насихаттау, облыстық біріншілікке аудан құрама командасын жасақтау мақсатында өткізілген жарысқа сегіз команда қатысып, өзара мықтыларды анықтады.
Шара барысында сөз тізгіндеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының міндетін атқарушы Сүйініш Ұмбаев асық ойынының пайдасына кеңінен тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ойын ережесіне сәйкес әр команда төрт адамнан яғни екі ер бала, екі қыз баладан жасақталды. Ер балалар асық ату ойынынан сынға түссе, қыздар бес асық ойнады.
Жарыс қорытындысында, қыздар арасында өткен «Бес асық» ойынында Жамбыл мектебі топ жарса, егіндібұлақтықтар екінші, Володар арулары үшінші орынға ие болды. Ал «Асық атуда» Мичурин мектебі үздік үштікке енсе, володаровкалықтар екінші, Жамбыл мектебінің жігіттері жеңімпаз атанды.
Ойында үздік өнер көрсетіп, белсенділігімен көзге түскен қатысушылар облыстық біріншілікте Бәйтерек ауданының намысын қорғайтын болады.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz