12.02.2024, 10:15
Оқылды: 15

Асықтан БҚО чемпионаты қорытындыланды

Бөрлі ауданында асық ату және бес асықтан 2011-2013 жылы туған жасөспірім ұлдар және қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті.

асық (1)

Жарыс қаладағы «Қарашығанақ» спорт кешенінде ұйымдастырылды. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы және аудан әкімдігінің қолдауымен өткен чемпионаттың мақсаты жастарды жаппай спорт түрлерімен айналысуға шақыру және асық ату ойынының түрлерін елімізде танымал етіп, мықты спортшыларды анықтау болды.

Жарысқа Ақжайық, Бәйтерек, Казталов, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі аудандары мен Орал қаласының 56 спортшысынан құралған 7 команда қатысты.

асық (4)

Чемпионаттың ашылу салтанатына аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев, БҚО «Асық ату» федерациясының президенті Айнұр Мырзағалиева, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Рима Бекмұхамбетова, БҚО аға жаттықтырушысы және жарыстың бас төрешісі Ержан Өтеғалиев және облысымыздың бір топ асық ату спортының жаттықтырушысы қатысты.

асық (8)

Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасындағы асық атудан Ақжайық ауданының командасы топ жарса, Орал қаласы екінші, ал Казталов ауданының құрамасы үшінші орынды қанжығалады. Ал қыздар арасындағы бес асық ойынынан Орал қаласы І орын, Бөрлі ауданы ІІ орын, Бәйтерек ауданы ІІІ орынға ие болды.

асық (8)

Сонымен қатар аудан спортшысы Әлішер Нұрғалиев «Үздік ойыншы», ақжайықтық Нұртас Сайлау «Сұр мерген» атанса, Сырым Мағыланов «Үздік жаттықтырушы» аталымдарымен марапатталды. Жетекшілер арасында өткен жарыста І орынды ақжайықтық Сырым Мағыланов алса, жерлесіміз Арман Қабылов пен шыңғырлаулық Мирхан Тәжімовтер ІІ және ІІІ орынды бөлісті. Ересектер арасындағы ойында бәйтеректік Мұрат Сағынов «Ардагер ойыншы», казталовтық Еркебұлан Ерахов «Үздік ойыншы», ақжайықтық Сырым Мағыланов «Сұр мерген» аталымдарын жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ақсай» мәдени-бұқаралық ұлттық ат спорт кешенінің тиісті дәрежелі дипломдары, медальдары және сыйлықтары берілді.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале