10.03.2022, 11:20
Оқылды: 64

Асыл ер еді Аманов

Әлем Киевке қарап күрсініп тұр. Ресей Федерациясының Украинадағы «әскери іс-қимылдары» мыңдаған бейбіт тұрғынның өмірін қиды. Соғыс аңсайтын уақыт па? Соғысқа тоймады ма бұл дүние?! Әрине, басқыншылық пиғылдағы адам оны ойланып отырмас. Ал, кешегі майдангер аталар соғысты еске алғысы да келмейтін. Ортасынан келсе де. Майданнан келген батыр аталар бейбіт күнде ерен еңбектер етті. Не үшін? Соғыстан шаршағасын... Бейбіт күнді, тыныш тірлікті сүйгесін.

Биыл ауданға аты қадірлі ардагер, елдің азаматы Халел Амановтың дүниеге келгеніне 100 жыл толады.  Ол да бүгінгі баянды өмірдің байрағын тіктеген жандардың бірі еді. Міне, жосалылық мұғалім Нәзира Қабешованың мақаласы Амановтың өмірінен өнеге іздейді.  

CB6BF234-D09C-454E-A16D-12B608AECCD0

Сырым ауданы орталығынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Жосалы елді  мекеніне жақын қалғанда, Тамды ауылының жанындағы қыратта көп зираттардың ішінде ерекше салынған мазар көзге бірден түседі .Жол бойымен өткен бейтаныс жолаушы , я болмаса бала-шаға бұл мазардың кімдікі екенін сұрар еді. Сонда ауыл тұрғындары: - Бұл зират - бұрын осы елді басқарған, ұзақ жыл кеңшарда директор болған, елге еңбегі сіңген Аманов Халел деген азаматқа арнап тұрғызылған ,- дер еді.

Иә, бұл  күндері  ол кісінің көзін көрген, қызметтес болған адамдардың да қатары  азайды, әйтсе де бұл асыл азаматтың  ел өмірінде орны ерекше болғанын естиміз  қариялардан. Олар үшін көзден кетсе декөңілден  кетпеген осы жанның бейнесі нағыз жұрт жұмысы үшін жаралған, бір  дамыл таппай ел қамын ойлаған адам  ретінде қалдыБойын тік ұстайтын, қара  сұр өңді, қашанда тәртіпті талап ететін, турашыл, ел жұмысына жанын салатын азаматтың бейнесі ел-жұртының есінде .

      Аманов Халел 1922 жылы Жымпиты  ауданының  Маркс ауылдық  кеңесінде дүниеге келген. 1936 жылы Орал ауыл  шаруашылық техникумына оқуға түсіп, агроном мамандығын алған. Ұлы  Отан  соғысына қатысқан майдангер. Украина мен Белоруссияны азат етуге  үлес қосып, Берлинді алуға қатысқан. Елге оралған соң Тасқұдық кеңшарында жауапты қызмет атқарған. Өмірінің басым бөлігі өз туған жерімен тығыз байланысты. 1949 жылы  жылы осы өңірдегі ˮЛенинизмˮ  колхозында агроном болған. Мұражай деректеріне үңілсек, қазіргі Жосалы  жерінде 1953 жылы  7 ұжымшар құрылған.  Сол «жетеудің» бірі  - М.Горький ұжымшарының төрағасы болып сайланған. Осы кездері оның өз халқының жанашыр қамқоршысы  ретінде жасаған жақсылығын қарапайым адамдардың  аузынан талай естідік. 1961 жылы наурыз айында жаңағы «жетілік» Жосалы кеңшарын құрады.  

Халел Аманов  сол 1961 жылдың қараша  айынан 1981 жылдың қараша айына дейін  директор болып қызмет атқарды. Осы  уақыттарда шаруашылықтың дамуына көп еңбек сіңірген. Ел үшін еткен еңбегі  ескеріліп, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту» ордендері және басқа да марапаттарға ие  болған. Бойындағы  қажыр-қайраты мен қабілетін халқына арнаған асыл азамат 1981 жылы  өмірден өткен.  

Бүгіндері  ұл- қыздары Орал  қаласында тұрады. Кейінгі  ұрпаққа  үлгі болар өнегелі өмір сүрген нағыз еңбектің адамы туралы деректерді іздестіргенде  ұрпақтарымен де хабарласқан болатынбыз. Өзіміз күткендей, тектіден текті туар дегенді дәлелдейтіндей, Халел әкеміздің  қызы Жанғаным  апамыздан әкеге деген, туған жерге деген сағынышқа толы хат  алдық. Ол хатта әкесінің нағыз еңбек  адамы, халық игілігі  үшін тер төккен, өз  мүддесінен ел мүддесін жоғары қойған әкеге деген перзенттік сағыныш жатыр.  

Сол хаттағы мына бір жолдарға назар  аударсаңыз, баласына еңбек адамының символына айналған әке бейнесіне  куә боласыз. Ж.Халелқызы былай деп еске  алады: «Әкемді ойласам, ол кісінің өмірі тек жұмыспен өткен сияқты көрінеді. Таңнан кешке дейін жұмыста жүретін. Біздің ауыл егін және мал шаруашылығымен айналысты, негізінен қой өсірді. Ауылда жұмыс таусылмайды ғой, күзде қыстыққа әзірлік, қыста малды аман-есен көктемге жеткізу, көктемде қойлар қоздап, төл алу науқаны басталады. Онда жер жыртып, егін егу, шөп шауып, мал азығын әзірлеу, осылай жалғаса береді. Соның бәрінің басында әкем жүреді. Ол кезде қыс өте қатты болады, алай-түлей, бет қаратпайтын борандар, одан кейін үскірік аяздар басталады. Сондай боран, аяздарда әкем ат-шанамен, тұлып киіп алып, шанаға қосауыз мылтығын салып алып, (ол кезде қасқыр көп болатын) малшыларды аралайтын. Таңмен кетіп, түнде келетін. Анамыз үйренген бе, әлде үй шаруасынан шаршай ма екен, ұйықтап қалатын. Мен уайымшыл болдым, әкемді келгенше күтетінмін. Сықырлап шана келіп, аттың кісінеген дыбысы шыққанда ұйқыға жататынмын. Әкем менің күтетінімді біледі: «Қызым, қорықпа, жата бер, қасқырдан мылтығым қорғайды, ал ат қандай боран болса да, жолды біледі, өзі алып келеді» дейтін. Солай тынбай еңбек етті.

Анамыз үй шаруасында, себебі әкеміз басшы болғасын, үйге келім-кетім кісілер көп болатын. Былай басшылардан басқа, ауыл адамдары да келіп, ақылдасып, шаруаларын шешіп, шәй ішіп кететін. Солардың тамағын әзірлеп, күтетін анамыз еді, қабағын шытпай жүре беретін.

     Әкеміз жұмыстан келгенде қабағына қараймыз. Ол кісінің көңіл күйі жұмысқа байланысты болады. Жұмыс жақсы жүріп жатса, жауын керек уақытында жауын, керек емес уақытында тоқтаса, ауа райы шаруашылыққа жайлы болса, әкеміз көңілді жүреді, ондайда біз айналасында ойнап, мәз боламыз. Ал жұмыста бір қиындықтар болса, қабағы қату келеді, ондайда біз көзге түспеуге тырысамыз. Әкеміз бізге дауыс көтеріп, ұрысқан емес, сондада, көзқарасынан ығысып тұратынбыз. Ұзын бойлы, көкшіл көзді, қалың қасты, сұсты кісі болды. Көңілді кезде өте мейірімді. Ал ренжісе қатал, көздері суық болып кететін (нағыз ер адамдар сондай болу керек деп ойлайтынмын). Бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын адам болды. Өзінен жоғары басшыларға да көнбей, бірнеше рет жұмысынан да алып тастаған, бірақ іскерлігін, адамгершілігін ескертіп, жұмысқа қайта алады екен (ол кезде басшылары әділ ғой). 

Жұмысқа берілгендігі сондай, егін шығу үшін жаңбыр керек болса, үйге келгенде: «Балаларым, жаңбыр жаусын деп тілеңдер» деп, егін жинарда жаңбыр керек емес қой, ондайда, «Балаларым, жаңбыр жаумасын деп тілеңдер!» дейтін. Шамасы, Алла күнәсіз сәбилердің тілегін қабыл етеді деп ойлайтын болар. Өзі нағыз коммунист болғанмен, Аллаға сенді. Егін егіп болғаннан кейін үлкендерді жинап, жаңбыр жаусын деп, далада садақа беретін еді. Бір ғажабы, жұрт тасаттықтан тарар-тарамастан жаңбыр жауып кететіні есімде».

      Иә,  бұл естеліктен сол уақыттағы еңбек адамдарының шынайы бейнесін байқауға болады. Бұл бүгінгі  ел тізгінін  ұстаған азаматтарға үлгі  аларлық  қасиеттер. Бүгінгі жас ұрпаққа  Халел Амановтай асыл ердің ел үшін  еткен еңбегін үнемі еске алып, дәріптеу - біздің міндетіміз. «Жақсының жақсысын айт, нұры тасысын» деген емес пе?!

 Нәзира Қабешова,  

А.Жұмағалиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

 

 

 

 

 

                                                                                                                                                             

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале