Шыңғырлау өңірі мал шаруашылығына қолайлы мекен болғандықтан, ауданға қызығушылық танытатын кәсіпкерлер аз емес. Ауыл тұрғындары өз алдына, өзге облыстардан, аудандардан инвесторлардың арнайы келіп, мал басын көбейтуге деген ынтасы жылдан жылға артуда. Сондай жандардың бірі - ағайынды Асылбек пен Мейрамбек Ахметовтер. Олар мал, егін, тіпті бақша шаруашылығын қолға алу мақсатында 2021 жылдың мамыр айында «ErqanatGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. Алға қойған жоспарлары көп, қаражаты да жетерлік кәсіпкерлер облыс көлемінде ойнатылған жер конкурсына қатысып, нәтижесінде шөбі шүйгін, орналасқан жері малға да, жанға да қолайлы Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округіндегі аумақты жерге қол жеткізеді.
Мал басын асылдандырып, етті сиырларды көбейтіп, санымен қатар, сапасына көңіл бөлуді мақсат тұтқан ағайындылар алғашында 387 аналық қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырларын алып келген. Кейін 400 еділбай тұқымды қойын, бір үйір жылқысын ен далаға қоя береді. Бүгінде бар аналық жануар төлдеп, мал басын бірер есе көбейткен.
Серіктестік ашылған жылы алдымен қызметкерлеріне арнап заманауи үлгіде жаңа үй салып, мыңға жуық мал сиятын жүздеген метрге созылған бірнеше баз, үсті жабылған мал орындарын, астық сақтайтын қамба, қысқы шөп жинайтын аула секілді барлық қажетті нысандарды тұрғызады. Техникалар да саптай тізіліп тұр. Мыңдаған шақырымға созылып жатқан мал жайылымында күн энергиясы арқылы қуат алатын су сорғышы бар құдық та іске қосылған.
- Алланың қалауымен алға қойған жоспарларымыз көп. Негізі өзім Орал қаласында тұрамын. Бірақ ата кәсіпті қолға алып, табиғи өнім тұтынумен қатар, балаларымды да ауылдың тірлігіне баулу бұрыннан ойымда жүрген. Сол себептен, үкімет тарапынан ауыл шаруашылық саласына берілген субсидия мен несиеге қол жеткізіп, ісімізді бастап кеттік. Қазір еңбек етемін деген жанға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар, барлық жағдай жасалған. Мәселен, мына қыруар малды қараған адамның ешбірі қолына күрек не айыр ұстамайды, барлығын техника істейді. Суды мал автоматты суарғыштан өздері ішеді, трактормен жем мен шөп салып, астын тазартады. Тіпті жем салатын да арнайы құрал бар. Айнала шекарадан шықпас үшін «электр бақташы» аталатын электр сымдарымен қоршалған, ешбір мал сыртқа шықпайды, сырттан бөтен қосылмайды. Тек осындай бейнеті аз жұмысқа да жұмысшы таба алмай жатамыз, - дейді Мейрамбек Ерболатұлы.
Бүгінде «ErqanatGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі малдың күтіміне жауапты жұмысшылар, механизаторлар, аспаз секілді қызметтегі 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалақылары да жұмыстың түріне байланысты 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жетеді. Заманауи техникалардың түр-түрі сайланған шаруа қожалығында жұмысты сапалы әрі жеңілдетуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар жұмысшыларға арнап салынған жаңа үйлер, оған қосымша асхана мен замауи моншасының болуы, олардың ештеңеге алаңдамай, еңбек етуіне мүмкіндік беруде. Ұялы байланыс пен интернет тағы бар. Тек олардың ресми түрде рәсімдеп зейнетақы, медициналық сақтандыру төлемдерін аударып отырғанның өзінде өкініштісі, ауылдан жұмысқа адам шықпау салдарынан жұмысшыларды қаладан алдыртуға мәжбүр. Табиғи жайылымдарда семіру, тірідей салмақ қосу қабілеті өте жоғары, басқа тұқымдармен салыстырғанда жерімізге бейімделгіш қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының таза салмағы 650 келіге жеткен, экспортқа шығаруға бүгінде барлық құжаттары дайын.
Басында айтқанымыздай, «ErqanatGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тек мал шаруашылығымен емес, егін егу мен бақша отырғызуды қолға алған. 421 гектар егістік алқабының 100 гектарына өткен жылы көп жылдық бидай ексе, биыл қалған жерге арпа мен судан егуге егістікті дайыпдапты. Ауа райының қолайлылығын пайдаланып, бірден жерді тырмалауға кіріскен. Өткен жылы 100 гектар егістік алқабынан қамбаға 180 тонна арпа құйып, қыс бойына малға азық етіпті.
Сонымен қатар шаруа жанның ауласынан 200 түп алма ағашын көруге болады.
- Әттең, құс шаруашылығын да өрбітер едім, егер де жауапты қызметкер табылса, - дейді Мейрамбек.
Отбасылық бизнесте түздегі шаруаны Мейрамбек өзі реттесе, үйдегі жан жары Сәуле серіктестіктің есеп-қисабын жүргізіп, кәсіптің өрге өрлеуіне үлесін қосып отыр.
-«ErqanatGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының мүшелігіне енді. Жалпы серіктестік басшысы Мейрамбек Ерболатұлы қашан да қожалықтың басы-қасында, қызметкерлерімен бірлесіп жұмыстың алға басуына араласып отырады. Сонымен қатар округте өтіп жатқан шаралардан тыс қалмай үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қай салаға қатысты болса да қолынан келген көмегін аяған емес, - дейді Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Светлана Бәйтенова.
Ақбұлақ округіне қарасты Қотантал өңірінде қоныс тепкен шаруа жанның болашаққа көздеген, жүзеге асырсам деген жоспарлары көп.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz