22.07.2022, 19:22
Оқылды: 51

Ата-анам ажыраспасын деп ...

 

Әңгіме

Бұл қоғамда сан алуан тағдырлы жандар ɵмiр сүредi. Бiреулер кiшкентай кезiнен тоқтықта ɵмiр сүрсе, екiншiсi жоқтықта, үшiншiсi жетiм, тɵртiншiсi мүгедек... Осылай кете бередi.

eb573c74510cb7dd8ae939da791308b0 (1)

Аяулым бiр үйдiң жан дегенде жалғызы едi. Ерке болып ɵстi. Ата-анасы айтқанын екi етпей орындайтын. Күндер зулап ɵтiп жатты. 6 жасқа толды. Балабақшамен қоштасып, мектеп табалдырығын аттаймын деп қуанып жүр. Анасынан оқу құрал алып беруiн ɵтiнгенiне 10 күн болды. Əншейiнде сұрағанын сол бойда алып беретiн едi. Аяулым анасының бұл əрекетiн түсiнбей дал. Əкесi де кɵңiлсiз. Үйге түнде ғана келудi шығарды. Ол келген бойда жанжал шығады. Анасы шыдамайтынын, ажырасатынын айта бередi. Бұл сɵздiң мағынасын жетiк түсiнбесе де, Аяулым iштей қапа болды. Осылай уақыт ɵте бердi. Ата-анасының арасы күннен-күнге нашарлай бердi. Əндетiп жүрiп тамақ пiсiретiн анасын кɵрмегелi қашан?!

Екiнтi мезгiлi. Ауладағы құрбыларымен ойнаған Аяулым үйге кiрдi. Достарының ортасында ɵзiн кɵңiлдi ұстаса да, iшi алай-дүлей. Есiктi аша бергенi сол едi. Анасының жылаған дауысын естiп, қақшиып тұрып қалды. Нағашы əжесi келген екен.

- 5 жыл бала кɵтере алмай ɵзiмдi жазғырып, қайғыдан қан жұтып жүрдiм. Ендi ана атанып, бақытты ɵмiр сүремiн дегенде... Неге менен жасырды? Қолайлы уақытты тауып, бəрiн түсiндiрсе, шешiмiн табар едiк қой. Қызының сɵздерiн анасы үнсiз тыңдап отыр. Сүйiктi күйеу баласынан мұндай əрекеттi күтпегенi рас. Бала болмағанда, қызын қолдап жүргенi ұнайтын. Сɵйтсе, оның шаруасы түгел екен. Екiншi əйелi мен егiз ұлдары бар болып шықты...

Аяулым анасының айтқандарынан ештеңе ұққан жоқ. Бiр түсiнгенi құрбысы Аянаныкiндей ата-анасының бɵлек тұратыны. Анасының кɵз жасын сығып алып, киiмдерiн жинап жатқанын кɵрдi де, бiр нəрсе iстеу керек деп шештi. Бɵлмесiне кiрiп, шкафтарды ақтарды. Не iздеп жүргенiн түсiнбейдi. Ақыры құрастырып ойнайтын ойыншықтарының iшiндегi ең кiшкентайын алды. «Мен ауырсам, олар емдеп, жазып алуы үшiн ауруханаға апарады. Ұзақ уақыт кетедi. Менiң жайымды сɵз етiп, аралары жақсарады. Ажыраспайды», - деп кɵзiн жұмды да ойыншығын жұтып жiбердi. Бұнысын ɵздерiмен-ɵздерi əлек болып жүрген ерлi-зайыпты бiлмедi...

Басында Аяулым ештеңе сезбедi. Еш жерi ауырмады. Анасы киiмдерiн жинап болған соң, қызының бɵлмесiне келдi.

- Қызым нағашы атаңның үйiне кетемiз. Жинал.

- Неге?

- Сол.

-Ешқайда барғым келмейдi. Папа қайда?

- Ол ендi жоқ.

- Мен ешқайда бармаймын.

Қызының қыңыр мiнезiн бiлгендiктен, анасы тiл қатпады. Ɵзi бɵлменi жиыстыра бастады. Кiтаптар тұратын шкафты ашты да, тапжылмастан бiр орында тұрып қалды. Бақытты күндерiнен сыр шертетiн альбомдарын осында салып қойыпты. Қызы мен анасы сол күндi ɵткенге саяхат жасаумен аяқтады. Екiншi күнi Аяулымның ɵз əжесi келдi. Құдағайымен ұзақ сɵйлестi. Аяулымды бауырына басып жылап алады. Сол күнi үйдегi «атмосфераның» жайсыздығынан ба, əлде кешегi жұтып қойғанының əсер еттi ме, Аяулымның дегбiрi қашып, мазасызданды. Кеш түскенде асқазаны тесiп ауырды. Кɵз жасын кɵлдеткен соң, анасы жедел жəрдем шақырды. Дəрiгерлерден бұрын əкесi бiрiншi жеттi. Қызының халiн кɵрiп, шошып кеттi. Сɵйтiп, Аяулым ота жасайтын бɵлмеден бiр шықты...

Құдайдан зар еңiреп 5 жыл бойы сұраған қызының аяқ асты ауырып қалғанын түсiнбеген ата-ана кɵңiл бɵлмей кеткен соңғы бiр ай үшiн қатты ɵкiндi. Кеш болмаса екен деп тiледi.

- Күнде қасындасың ғой. Ойыншық жұтқанын қалай бiлмей қалдың?

Ешқандай жауап болмады. Бұл кезде Аяулымның анасы сɵйлейтiн халде емес едi. Қызының аман қалуын тiлеумен отыр. 5 сағат ɵткен соң, дəрiгердiң де қарасы кɵрiндi.

- Қыздарыңыз магниттi жұптасқан ойыншық жұтқан. Олар балалардың ɵмiрiне ɵте қауiптi. Магниттi бiлесiздер, табиғи жолмен жылжып, iшек пен асқазанды бiр-бiрiне қабыстырып тастайды. Қайта кɵп уақыт ɵткiзбей алып келгенсiздер. Бiр-екi күн кешiккенде, магниттi ойыншық жабысқан жерiн тесiп ɵтетiн едi. Келесi де балаға ойыншық таңдағанда мұқият болыңыздар. Бала магнит жұтып, кɵп уақыт ɵтiп кетсе, iшегi тесіліп, асқазан-ішек жолдары іріңді перитонитке айналып кетуі мүмкін. Қыздарыңыздың жағдайы қалыпты. 48 сағат күтемiз. Бəрi жақсы болса, палатаға шығарамыз. Сонда кɵре аласыздар, - дедi дəрiгер.

Осындайда уақыт ɵте ме? Жұптарын жазбайтын «қос аққу» екi жаққа қарап отырып, екi күннiң ɵтуiн күттi. Аяулымды палатаға шығарды-ау, əйтеуiр.

- Папа!

- Ботам!

Шашынан иiскеп, маңдайынан сүйген əкесiн Аяулым құшақтап алды.

- Неге ойыншығыңды жұтып қойдың? Байқамайсың ба? Үлкен қызсың ғой.

- Мен... əдейi жұттым... Сiздер ажыраспасын деп...

Алты жасар қыздан мұндай сɵз күтпеген ата-анасы аңтарылып қалды.

- Қызым, олай етуге болмайды, - деп анасы кɵз жасына ерiк бердi.

- Кейде үлкендер бiрiн-бiрi түсiнбей жатады. Ажырассақ та сенi жақсы кɵремiз ғой. Əрi бiз дос болып қаламыз, - деп əйелiне қарап едi. «Қайдағы дос? Сенi иттiң етiнен де жек кɵрем» дегенiн кɵзқарасынан түсiнiп, күрсiндi...

Арада 19 жыл ɵттi. Аяулымды анасы тiрнектеп жиғанын алдына салып ɵсiрдi. Əкесiмен жəне оның балаларымен араласып тұрды. Елорда тɵрiндегi атақты университеттердiң бiрiнде заңгер мамандығы бойынша бiлiм алды. Оқу бiтiрген соң, мамандығы бойынша жұмысқа кiрiстi. Ерлан есiмдi сүйiктiсiн жолықтырып, тұрмысқа шықты. Қазiр бiр баланың анасы. Ɵз анасынан алыста тұратындықтан, сағынғанда фотоальбом қарайтын əдетi. Сондай түндердiң бiрiнде кiшкентай кезiндегi фотоларын қарап отыр едi. Əкесi мен анасының тойға шақыру билетiн тауып алды. Ұз-а-а-қ отырып қарады. Үшеуiнiң балаларға арналған ойын-сауық орталықтарында қыдырған сəттерiн есiне түсiрдi. Қатты сағынған екен. Шынымен бақытты болатын. Тек қана 6 жасқа дейiн. Одан кейiнгi ɵмiрi əкесiн сағынумен, екiншi əйелiнен туған балалардан қызғанумен ɵттi. Мектепте оқып жүргенде, сыныптастарының əкелерiн кɵрiп қызыға қарайтын. Ɵзiнiң əкесiне ата-аналар жиналысына келуiн, мектептен алып кетуiн ɵтiнгенiмен, анасы айнытып тастайтын. Сол кезде анасының əрекетiне ренжiген болса, қазiр түсiнедi. Осылай суреттердi ақтарып отырып, кезiнде əке-шешесiнiң ажыраспауы үшiн жасаған əрекетi есiне түсiп, ерiксiз жымиды. Кенет «Анамның тағдыры менiң де басыма түссе ше?» деген ой келдi. «Мен балам үшiн бəрiне тɵзер едiм. Оны жəутеңдетiп жылатқанша, ɵзiмнiң жылағаным артық. Анам неге басына түскен iске кɵнбедi екен? Бiрақ, бiр рет артыңнан пышақ қадағандай сатқан адамға кешiрiммен қарау қиын шығар, ə?»

Аяулымның ойын жұмыстан шаршап келiп, қайда қалғанын бiлмей ұйықтап жатқан күйеуiнiң қорылы бұзды. «Не ойлап кеттiм? Бетi аулақ. Кез келген нəрсеге күйiп-пiскенше барымды бағалайыншы» деп тымпиып ұйықтап жатқан ұлының қолынан сүйiп, Құдай қосқан қосағын құшақтап, тəттi ұйқыға батты.

Аягɵз Айтқалиева, 

Теректі ауданы, 

zhaikpress.kz

Фото: tengrinews.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале