Жәнібек аудандық мұсылмандар мешітінде бас имам Есенболат қажы Абдуғалиевтің бастамасын қостаған ішкі саясат бөлімінің статисі Мейрамбек Шайдуллиннің ұйымдастыруымен «Аталар өсиеті» мектебін құру жөнінде кездесу өтті.

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының абыз қарттары, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық мамандары және ішкі саясат бөлімі қатысқан шарада ой-пікірлер легі толассыз ағылды. Қоғамдағы әкелердің беделін бекемдеуге арналған жұмыстар атқару жөнінде арзу арманын жеткізген ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садырова:
- Есенболат Қадырұлының ұсынысын толық қолдаймын. Азаматтардың рөлі төмендеп барады. Жалқаулық, ішімдікке құмарлық, отбасына танытқан озбырлықтары нәтижесінде көптеген шаңырақтар шайқалып жатыр. Әріге бармай, ауданымызда орын алып жүрген осы тектес жайттарды көз көріп жүр. Аталған түйткілдерді шешіп, отбасындағы берекені ұлықтайтын бірден-бір бірлестік «Аталар мектебі» болуы тиіс, - деді.

Жасөспірімдердің зиянды әрекеттерге құмар болуы, жастардың үлкендерге ізет білдірмеуі, ажырасу, жанұядағы әке тәрбиесінің әлсіз тұстары турасында келелі істерді атқаратын аталмыш мектептің ашылуы көңілге сенім ұялатады.
Құрамда аудандағы аузы дуалы қариялар мен Е. Абдуғалиев, Е. Ғұбашев, Қ. Жүнісов, С. Абдушев сынды көреген азаматтар бар.
Аудандық ақсақалдар, аналар, Жәнібек әйелдері бірлестіктері қатарына «Аталар өсиеті» қосылды.
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz