18.10.2023, 21:56
Оқылды: 65

Атандай жүк арқалаған Атаев

"Кәсіп түбі – нәсіп" деген нақылды алға қойған қазақ ықылым заманнан жоқтан бар құрап, қолда барын қайманаға ұсынып, ақ адал еңбегімен еңсе тіктеген. Ол кезеңдерде елдің басты кәсібі мал өсіріп, өрісін кеңейту болса, бүгінгі таңда сол қарапайым төрт-түліктің өнімін алу үшін заманға сай жабдықталған құралдармен жаңашылдыққа ұмтылған кәсіпкерлерді байқап жүрміз. Халық ойындағы кәсіп жаңа кезеңге бетбұрыс жасап, өзгеше сипатта құлашын кеңге сермеуде.

FB_IMG_1697631227854

Бұл орайда мемлекет тарапынан да айтарлықтай қолдау болып, "Ауыл аманаты", "Қайтарымсыз грант" сияқты бағдарламалар мен жобалар кәсіп ашқысы келетін барша еңбекқор қазаққа жол тартты. Соның арқасында ауданымызда бір ғана мал шаруашылығын өркендетуге арналған жобасын ұсынған жандардың қатары көбейді.

FB_IMG_1697631225596

Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов басты мақсатқа ел игілігін, аудан дамуын, тұрғындарға жұмыс көзінің ашылуын қойып, тың ұсыныстармен тыным таппайтын аудан кәсіпкерлерін түрлі бағытта бетін қақпай, белін буып, әрдайым қолдау керектігін жиі айтып жүр. Әсіресе, Бәйтерек ауданына барған жұмыс сапарында мал, егін шаруашылығының қарқынды дамып, ел білетін кәсіптен үлкен жаңалық ашуға болатынына куә болып, Жәнібектегі кәсіпкерлікті жоспарлы түрде жүйелеп, қолдау білдіруді алға қойған.

FB_IMG_1697631223592

Бүгін аталған істің бастамасы ретінде аудан басшысы Тимур Серікұлы, ауыл әкімі Абзал Қаратаев, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев, бөлімнің бас маманы Асылбек Базарбаев "Аида" азық-түлік және сауда дүкенінің жұмысымен танысты. Кәсіпкер Ерлан Атаев басшыларды қарсы алып, әуелі аудан, кейін өзі үшін іске асқан жағымды жаңалығымен бөлісті. Осыған дейін күніне 500 дана ас атасын пісіріп, ішінара өңделген өнімді халыққа ұсынған кәсіп иесі бұл жолы бұқтырылған ет дайындайтын құрылғы сатып алған. Киров атындағы зауыттан шыққан жабдықтың күші бір күнде он құты етті бұқтыруға жетеді. Дәмі тіл үйіретін еттен ауыз тиген басшылар "кәдімгі қуырдақтай" деген баға берді. Расымен, өзге ет консервісіне қарағанда еті мол әрі дәмі қалпында. Ерлан Орынбайұлы қой және сиыр етінен дайындалатын бұқтырылған ет таза һәм адал сойылатынын айтты. Ол ойында жүрген үлкен арманының орындалғанын тілге тиек етіп:

- Сұраныс көп болса, тағы да құрылғыға тапсырыс беріп, ауқымды кеңейту ойымда бар. Қазір арзаны бар, қымбаты бар, әйтеуір ет консервілері толып кетті. Бірақ біз оның қалай дайындалатынын білмейміз. Ел арасында ол туралы теріс пікірлер де бар. Ал осы дүкенде бұқтырылып, балғын күйінде сатылатын өнімге еш күмән келтірмесеңіздер болады. Барлығы тазалық талаптарына сай әзірленеді. Сонымен қатар 7 пайыздық сүт дайындап жатырмыз. Бұл жұмыста сәл кедергілер болып тұр. Оны сақтау да қиындық туғызады. Дегенмен жақын арада шешімін тауып, сүт өнімін де халыққа ұсынамыз,- деді өз сөзінде.

FB_IMG_1697631219835

Бір ғана ғимараттың ішінде аудан тұрғындары үшін өте маңызды дүниелер сатылып жатқанына қуандық. Жиһаз да, нан да, қуырылған балық та, бұқтырылған ет пен қайнатылған сүт те бар. Тіпті, дүкеннің артындағы керамзит тастар жасалатын орынды көріп таңдай қақтық. Бір күнде 250-ге жуық тас жасалады екен. Онымен қоса, ол жиырмадан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Небары 7 жылда осындай деңгейге жеткен кәсіпкерге аудан әкімі Тимур Серікұлы сәттілік тілеп, қолдайтынын жеткізді. Атандай жүк арқалаған Атаевтың еңбекқорлығы мен іскерлігі өзге де кәсіпкерлерге үлгі болатыны сөзсіз!

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале