«Ономастар одағының» басқарма төрайымы Гүлнар Бекенова бастаған экспедициялық топ ауданымызға ат басын тіреді.

«Олар қандай мақсатпен келді?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүргені анық. Себебі бұл мамандардан алынуы тиіс, жауап күттірген сұрақтар бар еді. Осы сапардың мақсатын Гүлнар Шияпқызы былай деп түсіндірді:
– «Батыс белесінде – бабалар үні» атты тарихи-танымдық экспедициясы Батыс Қазақстан облысында өз жұмысын бастады. 2025 жылдың 4–10 тамызы аралығында өтіп жатқан бұл шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Орталық мемлекеттік архив» РММ-нің тапсырысы бойынша жүзеге асуда. «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» атты жоба аясында ұйымдастырылған экспедицияның басты мақсаты – республикадағы ономастикалық атауларды ғылыми дәйектер негізінде ретке келтіру, елді мекен атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу, жүйелеу.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов төрағалық етті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы, ауыл ақсақалдарының бірі Амангелді Уәлиев, БҚО мемлекеттік архиві КММ Жәнібек аудандық филиалының басшысы Меңдігүл Фазылова, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова, тарихшы Жасқайрат Каргин және қоғамның белсенді жас өкілдері, жас географтар мен тарихшы мұғалімдер қатысты.

Жиынның маңызы ерекше. Себебі бүгін Жәнібек ауданы тарихындағы 30-ға жуық елді мекеннің атауы жаңартылып, қазақыландырылады деуге болады. Жаңа атаулар тізімі жергілікті халықпен, көнекөз қариялармен және өлкетанушылармен бірлесе отырып жасақтала бастады. Бұл ретте елді мекендердің орналасқан жері мен ондағы тарихи тұлғалардың есімдері басты назарға алынуда.
Комиссия отырысында алғашқы атаулар бойынша өзгерістер енгізіле бастады. Гүлнар Шияпқызы осы жылдың 23 тамызына дейін ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, жаңартылған атаулар тізімін орталыққа жолдауды тапсырды.
Айта кетейік, экспедиция барысында түсірілген фото материалдар негізінде аталған облыстардың топонимдері бойынша суретті анықтамалық жасақталып, жинақталған материалдар жаңа атауларымен бірге Қазақстанның болашақтағы электронды WEB картасының базасына енгізілетін болады.

Облысымыздың барлық аудандарын аралап шыққан экспедициялық топ осы уақытқа дейін 4000 шақырымнан астам жолды артта қалдырды. Жәнібек ауданынан соң олар Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарында өз сапарларын жалғастырады.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы