Облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақова Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта болып, халықпен жүздесті.
Ауылдық округ әкімдері, учаскелік комиссия мүшелері, әлеуметтік сала мамандары, жалпы тұрғындар қатысқан жиында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кеңінен әңгіме болды. Нақтырақ айтсақ, жаңа жылдан бастап көп балалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып, ол 42 мың 500 теңгеден 74 мың теңгеге дейінгі мөлшерде бекітіледі. Бұл көмектің түрі отбасының табысына қарамастан тағайындалмақ. Ал атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалып, шартты және шартсыз көмек ретінде беріледі. Отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыссыз болса, міндетті түрде ұсынылған жұмыс орнына тұрып, еңбекке араласуы қажет. Егер ол жұмыстан бас тартса, онда барлық отбасы мүшелері көмек алу құқығынан айрылады.
Кездесуде Б.Қонысбаева алдымен жергілікті жерлердегі учаскелік комиссия қызметін күшейту қажеттігін тілге тиек етті. Себебі, өткен жылы зәулім үйі, бірнеше автокөлігі, қосалқы шаруашылықтары бар отбасылардың жәрдемақы алушылар санатына комиссияның шешімімен енгені мысалға келтірілді.
Иә, мемлекеттік атаулы көмек туралы заңда аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік пакет те қарастырылған. Айталық, мектепке дейінгі жасөспірімдер азық-түлік жиынтығымен, гигиеналық құралдармен тегін қамтамасыз етіледі. Әрі олар тегін ыстық тамақпен, мектеп формасы және оқу құралдарымен мемлекет есебінен қамтылады.
Кездесуден кейін Б.Қонысбаева жеке қабылдау өткізіп, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен де танысты.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер