9.09.2021, 11:07
Оқылды: 57

Атқарылған жұмыс көп

Бәйтерек ауданында ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімін анықтау, осы тақырыптағы тың деректерді жинақтау жөніндегі аудандық жұмыс тобы құрылған болатын. Тарихымыздағы қасіретті жылдар саналатын кезеңде режим құрбанына айналып, еш себепсіз қудағауға ұшыраған жерлестеріміз туралы деректерді жинап, есімдерін елге таныту және толық ақтауға ұсыну мақсатында құрылған топ осы кезге дейін қыруар шаруа атқарды.

00000000

Биыл маусым айында құрылған жұмыс тобы құрамына тарихшылар, өлкетанушылар, ардагерлер кеңесінің мүшелері архив қызметкерлері және ел тарихын білетін азаматтар кіреді. Дәл осындай жұмыс тобы Дариян ауылында да құрылды. Олардың негізгі міндеті саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ұрпақтарынан мәлімет алу, тарихи дерегін  жинау және талдау.

- Бүгінге дейін топ мүшелерінің 3 отырысы өтіп,  атқарылған жұмыстар сараланды.

Аудан тұрғындарынан қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары мен жерлестерінің жайлы сауалнама жүргізіліп, алынған ақпараттар негізінде мәліметтер базасы жасақталуда.

Аудан архиві мен 1939 жылдан шығып келе жатқан газет беттеріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы ақпараттарды анықтап, зерттеу жүргізу, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары мен туыстарынан сұхбат алу, олар туралы құжат, фотоматериалдар мен өзге де мәліметтерді жинау жұмыстары ұйымдастырылуда. Өкінішке орай, жыл басынан бері ауданымыз эпидахуал бойынша «қызыл аймақта» қалуына байланысты жұмысқа үлкен кедергі болуда. Топ жұмысына осы қыркүйек айынан бастап барлық 47 мектеп ұжымы мен мектеп оқушыларын тарту жоспарланды. Арнайы акция арқылы әр оқушы өз аталарының қуғын-сүргінге, тәркілеуге қатысы барын анықтап, сәйкесінше мәліметін ұсынады. Әрі қарай мектеп ұжымы түскен ақпараттарға талдау жасап, аудандық жұмыс тобына жолдайды. Қазір мектеп директорлары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынды, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр.

Жалпы жұмыс тобы құрылғаннан бері аудандағы орталықтандырылған кітапхана ұжымы іздеу, сауалнама жүргізу жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ ерікті жастар аудан газетінің тігінділерін ақтарып, Ұлы Отан соғысы жылдары жау тұтқынында қаза тапқан жерлестер тізімін жасақтаумен жұмыстануда екен. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатырдың айтуынша, қазір жұмыс тобы мүшелерінің қолында соғыс жылдары майданнан қазақ тілінде шығып тұрған «Отан намысы үшін», «Жауға қарсы аттан», «Қызыл әскер ақиқаты», «Совет жауынгері» сынды 4 газет тігіндісінің фотокөшірмесі бар екен. Волонтерлердың көмегімен бүгінгі күні екі газет толық электронды нұсқаға терілген. Қалған екі газетті компьютерге түсіру жұмысы жүріп жатыр екен.

- Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты «Открытый список», «Единная база данных жертв репрессий СССР», «Мемориал общий базы жертв репрессий» сайттарынан бүгінге дейін 542 жерлес анықталса, олардың 115-і «Азалы кітаптың» ақталғандар тізіміне енген. Қалған 427 адамның ақталғандығы туралы сайт ақпаратынан біліп отырмыз. Енді ол тұлғалардың жазасын өтеп келгендері, тұтқында қаза тапқаны, із-түссіз жоғалып кеткені туралы талдама жасалуда, - дейді Н.Дүзбатыр.

Жұмыс тобы жаппай қудалау басталған кезде Ресей аумағына өтіп, кейін елге оралған қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары бұрынғы Приурал ауданы аумағына көптеп шоғырланғанын айтады. Бір өкініштісі қуғынды көрген аға буын өкілдерінен арамызда бүгінде көзі тірі ешкім қалмаған. Балалары ауызекі айтқанмен, олардың қолында негізге алатын ешқандай құжат, фото немесе хат жоқ. Тек аталары қашып көшкенде өздерімен ала кеткен ескі Құран кітаптары ғана бар. ​Осы қуғынға ұшыраған, бірақ ақталмаған құрбандар мен зардап шеккендер жайлы мәліметтер жинақтау және олардың ұрпақтарын іздестіру жұмыстарын әлі де жалғасады.

Жұмыс тобының атқарған ісін жарықтандыру мақсатында да бір сыныра шаруа жасалған. «Шапағат шамшырағы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Дана» журналының кезекті санына ауданның дін тарихы туралы топтама материал жарияланған. Оның мақсат ауданның дініне қызмет қылған тұлғалардың есімдерін жаңғырту және жамағатты игі іске жұмылдырып, ауданнан мешіт салған, шәкірт тәрбиелеген азаматтардың есімін тарихта қалдыру болды. Сол мақалалар топтамасына белгілі журналист, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлының «Совет қысымындағы молдалар» мақаласы басылды. Мақалада діни рәсімді Бәйтерек ауданы аумағында арнайы рұқсатымен атқарған және рұқсатсыз жасырын жүргізген 9 адамның есімі бар. Бұл адамдардың ұрпақтары әлі күнге осы Бәйтерек ауданында тұрады, бірақ біреуі де аталарының қудаланғаны туралы біле бермейді екен.

Жуырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссия отырысы өтті. Басқосу барысында белгілі өлкетанушы Жантас Сафуллин қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы әлі де жалғасатынын айтып, «Батысмұра.кз» сайтын таныстырды. Оған кірген жерлестеріміз шағын сауалнама толтырып, өз ата-бабасы жайында естелікпен бөлісе алады. Сондай-ақ кезге дейін атқарылған жұмыс сараланып, алда атқарылған іс жоспары құрылды.

 

Арал Болпышұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале