8.09.2022, 22:17
Оқылды: 65

Аудан әкімі ақсақалдармен жүздесті

Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев ардагерлер кеңесі мүшелері, еңбек ардагерлері және ауданда үлкен құрметке ие ақсақалдармен кездесті. Еркін форматта өткен жүздесуде аудан басшысы қазыналы қариялардың қоғамда үлкен беделге ие екендігін атап өтті.

IMG-20220908-WA0078

Алдымен Тілек Александрұлы аудан көлеміндегі өзекті саналатын мәселелерді жіпке тізді. Тазалық мәселесі, ауылдардың әлеуметтік дамуы, су құбырларының жиі істен шығуы, жолдардың жағдайы, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықпен күрес секілді бірқатар күн тәртібінен түспес мәселелер талқыланды. Одан соң жиынға қатысушылар сөз тізгінін алды.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Білікбай Қазиқанов жылдық жоспарымен таныстырып, атқарылған істер туралы ақпарат берді. Және жұмыс жасаудағы қиындықтың бәрі қаржыға тірелетінін айтып, аудан әкімінен қолдау білдіруін сұрады. Аудан басшысы алдағы жылы қаржы мәселесі түбегейлі шешілетінін айтып, уәде берді.

IMG-20220908-WA0076

Одан бөлек ауданның құрметті азаматы Мұсағали Төлегенов өзекті мәселелерді қаузап өтті. Оның ішінде газ мәселесі, мұражай құрылысына тоқталып өтті.

- Ел аузында жүрген мұражайдың ашылуына да санаулы уақыттар қалды. Оған аудан тарихын жақсы білетін мамандарды жұмысқа тарту керек. Сол кезде жас ұрпаққа да, ауданымызға келетін қонақтарға да айтар нәрсеміз болады,- деді Мұсағали Орынғалиұлы.

Ауданның құрметті азаматы Сәлім Қоқашев аудан тазалығына бей-жай қарамауға шақырды. Сондай-ақ көшедегі жарық шамдарының санын көбейтуді ұсынды.

IMG-20220908-WA0075

Ауданда көп жылдар қызмет етіп, мерейлі 75 жасқа толған Любовь Лымареваға аудан әкімі Тілек Александрұлы құттықтау хатын ұсынды.

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале