7.06.2022, 11:16
Оқылды: 71

Аудан әкімі алғысхат табыс етті

Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалған Денис Липинді қабылдады. Өз басын қауіпке тігіп, ауылдасына қол ұшын созған жігітке аудан әкімі алғысхат табыс етіп, өз ризашылығын білдірді.

2

- Сіз өз өміріңізге қауіп төніп тұрса да, ажалға араша тұрып, адам өмірін сақтап қалу үшін үлкен ерлік үлгісін көрсетіп, баланы құтқарып қалдыңыз. Бұл ісіңіз көпшілікке үлгі. Елімізде осындай оқыс оқиғаларға немқұрайлы қарамай, қол ұшын созатын ержүрек азаматтарымыз бен азаматшаларымыз көп болсын, - дейді аудан әкімі.

Естеріңізде болса, үстіміздегі 3 маусым күні Шыңғырлау ауылы маңындағы Елек өзеніне үш жасөспірім бала шомылуға барған. Жаздың қызығын қызықтаған балалар, әрине, судан қауіп бар екендігін ұмытады. Сөйтіп, суға шомылып жүрген үш баланың бірі суға батып, өз күшімен судан шығуға мүмкіндігі болмаған. Ал қасындағы балалар оны құтқаруға қанша талпынғанымен шамалары жетпеген. Әйтсе де, сол арада "112" номеріне хабарласып, көмекке айқайлап адамдарды шақырған.

Бақтарына орай, Елек өзенінің маңындағы Набережная № 29 үйде тұратын Денис Александрович Липин сол кезде балалардың айқайлағанын естіп, сол маңға қарай жүгіріп, суға батып бара жатқан баланы дереу құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сөйтіп, Д.Липиннің тез әрекет етуінің арқасында 13 жасар бала ажалдан құтқарылды. Әлсіреген және су жұтып тұншыққан жасөспірім өзіне-өзі келіп, Дениске ризашылығын білдірген. Оқиғадан соң, Дениске БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ернұр Өтегеновтың атынан да алғысхат табыс етілді.

А.Мұса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале