Жаңа жыл қарсаңында Шыңғырлау ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және аудан әкімі атынан аудан бойынша білім саласында түрлі жетістіктерге қол жеткізген бірқатар оқушыларды құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
Жыл бойы сайыстарда жеңімпаз атанып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан әрі оқуда үлгерімдері жақсы 9 оқушы Президент сыйлығын, ал 36 бүлдіршін аудан әкімінің сый-сияпатын алмақ. Осы орайда, аудан басшысы Әлия Биғазықызы аудан көлеміндегі барлық округтердің бүлдіршіндерінің үйлеріне жекелей барып, оларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оқуда озат, ата-анасының үмітін ақтап, болашақта үлкен азамат, азаматша болып өсе беріңдер деген тілегін айтты. Оқушылар да, ата-аналары да аудан басшылығына ризашылықтарын білдіріп, өз алғыстарын жеткізді.
«Ұлы елдің ұрпағымын» атты шығармалар байқауының жеңімпазы және әртүрлі деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегері Амангелді негізгі мектебінің 5-сынып оқушысы Дарын Берікұлы да өз қуанышын жасыра алмады. «Мен Президентіміздің сыйлығына ие болғаныма және оны аудан әкімінің қолынан алғаныма өте қуаныштымын. Сыйлықтары да өзіме ұнады. Көп рахмет. Өз тарапымнан сабағымды жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға тырысамын» дейді жас бүлдіршін.
«Қуантсаң, баланы қуант» демекші, мереке қарсаңында балаларды қуантып, ата-аналарының қуанышына ортақтасып, аяз ата мен ақшақар кейпінде келуді ұйымдастырған аудандық білім беру бөлімінің ұжымы осы тектес шаралар жалғасын табатын болады дейді.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz