Шыңғырлау аудандық басылымның жарық көргеніне 85 жыл толуына орай және төл мереке күні аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев аудандық «Серпін» газетінің ұжымымен кездесті.
Жылышырайда өткен жүздесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Жоламанова газет ұжымымен, басылымның осы жылдар белесінде ұстанған бағытымен таныстырып өтті. Өзі шағын ұжым болса да ауыр жүкті көтеріп келе жатқан әріптестерінің аудан тынысын оқырмандарға жеткізу жолындағы еңбектеріне тоқталды.
Төл мереке күнінде аудан журналистерін құттықтаған Мұрат Амангелдіұлы:
- Бүгінде журналистика саласына артылар міндет пен жүк жеңіл емес. Елді игі іске жұмылдырып, берекені арттырып, татулықты нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары. Әр күн сайын ауданымызда болып жатқан игі істерді, қоғам назарында тұрған түйткілді мәселелерді көтеруде ең алдымен дәлдік, нақтылық қалам ұстаған қауымның назарында болуы тиіс. Әр мақаланы жұртшылыққа ұсыну барысында байыпты көзқарасты ұстанғанның ұтары көп. Ал бұл ретте билік пен халықтың арасындағы алтын көпір болып жүрген Сіздердің еңбектеріңіз мол. Сіздер Президентіміздің жасампаз идеяларының төңірегіне қоғамды топтастырып, ұлтты ұйыстыруға зор үлес қосып келесіздер. Қандай да бір ақпарат көзінің сөзі - қоғамдық пікір қалыптастырудың темірқазығы іспетті. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз еселеніп, табысты да жемісті еңбектеріңіз еленіп, алдағы мақсаттарға жету жолындағы жаңа биіктер мен шыңдардан көріне беріңіздер, - деген игі тілегін білдірді.
Мұнымен қоса БАҚ қызметкерлерін марапаттады.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz