Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бәйтерек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Переметныйдағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінде волейболдан 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында аудан чемпионатын өткізді.
Бұқаралық спортты дамытып, ауыл жастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және волейбол ойынына деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа жеті команда қатысты.
Переметный, Янайкин, Новенькии, Погодаев, Чувашка, Үлкен Шаған, Мичурин ауылдық округтерінен келген спортшылар бақ сынасқан әуедоп додасы қызықты өтті.
Жарыс қорытындысында Мичурин ауылдық округінің командасы үшінші орын иеленсе, екінші орынды Чувашка ауылының жас ойыншылары қанжығалады. Ал жүзден жүйрік шыққан Янайкин волейболшылары жарыс жеңімпазы атанды.
-Ауылдар арасындағы аталмыш жарыс болашағынан үміт күттіретін жас волейболшыларды анықтау мақсатында өтті. Бапкерлердің көзіне түскен үздік ойыншылардан құрама жасақталып, түрлі жарыстарға баратын болады, -дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері С.Ұмбаев.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz