Білім беру қызметкерлерінің Қаратөбе аудандық тамыз кеңесі 27 тамызда «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында өтті.
Пленарлық мәжілісте «Қаратөбе ауданының білім беру ұйымдарының 2020-2021 оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмысының қорытындысы» тақырыбында аудандық білім бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшаұлының, «Педагогтың кәсіби өсуі» тақырыбында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Елдос Набиоллаұлының, «Қарапайым емес автоматтандырылған кері байланыс берейік» тақырыбында Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұхтар Зейнур Ғафурұлының баяндамалары тыңдалды.
Мұғалімдердің тамыз кеңесіне қатысқан аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аудан педагогтарының елеулі еңбектеріне тоқталып, аудан ұстаздарын басталғалы отырған жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Қазір ХХІ ғасырда жаңа инновациялық технологияны меңгерген, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін, жаңашылдықты жатсынбайтын, білім мен тәрбиелеуде жаңаша әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білетін мұғалім жетістікке жете алады. Мен биылғы жылы алғашқы еңбек жолдарын бастаған жас ұстаздардың атынан қоғамдағы әртүрлі өзгерістерге бейімделіп, ел ертеңі білімді, саналы ұрпақ дайындау жолында еңбек ететінімізге сенім білдіремін, - дейді жас маман, Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Альбина Бақтыгереева.
Кеңестің өту барысында өткен оқу жылдарында абыройлы қызмет атқарған мұғалімдер марапатталды.
25 тамыз күні Орал қаласында өткен облыстық педагогтардың тамыз конференциясында жерлесіміз Қаратөбе мектеп-гимназиясының музыка пәнінің мұғалімі Толқын Қуаншалиева өткен оқу жылдарында оқу-тәрбие үрдісіндегі абыройлы қызметі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды.
Елеулі еңбегімен танылған бірқатар аудан ұстаздарына ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және алғыс хатын, сонымен қатар аудан әкімінің алғыс хаттарын аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев табыстады.
«Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен Шөптікөл жалпы орта білім беретін мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің психологі Жанар Ермекқалиева марапатталды.
Білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жоғары жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін Қазақстан Респубикасының Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттарымен Б.Аманшин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнагүл Мұқанова, Қаратөбе мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Баймулдина марапатталды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Елдос Сафуллин жүргізіп, бір топ мұғалімдерге Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының Құрмет грамотасын табыстап, педагог кадрлардың білімін артыруда жақсы нәтижеге жеткені аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшаұлы мен бөлімнің бас маманы Гүлнафис Құспановаға алғыс хат тапсырды.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz