Ақжайық ауданында балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен аудан спортының дамуына үлес қосқан Қанат Жазықбаевтың зейнет жасына шығуына орай волейбол, асық ату және арқат тартудан ересектер арасында аудандық ашық турнир өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында Қанат Шарухияұлы өзіне осындай құрмет көрсетіп жатқан барша ұйымдастырушыға алғысын арнап, спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Ығылманов, Ғ.Махамбетов атындағы орта мектептің директоры Қанапия Таспаев мерейгерді зейнетке шығуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл сайысқа Қаршы орта мектебі (Ақжол), Ғ.Махамбетов атындағы орта мектеп (Базаршолан), Жайық негізгі мектебі, Мерген орта мектебі, Абай атындағы мектеп-гимназиясы, М.Әуезов атындағы орта мектеп және БЖСМ командалары қатысты. Тартысты өткен бәсекеде жарысқа қатысушылар келесідей нәтижеге қол жеткізді. Волейболдан және арқан тартыстан аудандық БЖСМ командасы І орын, М.Әуезов атындағы орта мектеп ІІ орын иеленіп, Ғ.Махамбетов атындағы орта мектеп ІІІ орынды қанағат тұтты. Ал асық атудан Қаршы орта мектебі І орын, Абай атындағы мектеп-гимназия ІІ орын және М.Әуезов атындағы орта мектеп ІІІ орынға ие болды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы диплом, медальдармен марапатталды.
Айта кету керек, Қанат Жазықбаев еңбек жолын мектепте спорт әдіскері қызметінен бастап, жылдар жүзінде Котельников орта мектебінде алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі пәні мұғалімі, «Атамекен» тынығу лагерінде директор, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, 2018 жылдан аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығында көпшілік шаралар әдіскері қызметтерін атқарды.
Еңбегі облыстық кәсіподақ төрағасының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», «Батыс Қазақстан облысының үздік спорт қызметкері» төсбелгісімен және аудан әкімінің алғыс хаттарымен қошеметтелді.
Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz