Бүгін аудандық мәдениет үйінде Жәнібек аудандық балалар саз мектебінің бір жылдық қорытынды есеп беру концерті өтті.
Тарихы әріден қозғалған бейнероликті тамашалаған жұртшылық ерекше әсер алды.
"Дала сазы" биімен сахна шымылдығы ашылып, ұлттық дәстүр көрініс тапқан би көрермендерді бір серпілтіп алды.
Содан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина құттықтау сөз сөйледі. Саз мектебінің алдағы жоспарларына сәттілік тілеп, композитор Қапан Мусин есімін қайта беру туралы жұмыстанып жатырғанын жеткізді. Ол жаңалық жиналған қауымға шабыт сыйлап, зал қошеметтен толастамады.
Шараның алғашқы бөлігі ақжолтай хабармен сүйіншіленген соң саз мектебінің оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Өнер сүйген кішкентай өрендер, эстрадалық вокал сыныбының 1, 2-сынып оқушылары Айлин Биболатова мен Аяна Қамет (Жетекшісі Аслан Боранбаев) "Мерекелеріңізбен" әнін шырқады.
Тәтті үндер баураған кешті Гүлмира Қадырбаеваның шәкірттері, ұлт-аспаптар ансамблі жалғастырды.
Болашақта жұлдыз атанғысы келетін эстрадалық вокал үйірмесінің 1-сынып оқушысы Найма Саменова (Жетекшісі Мейрамгүл Дәулетқалиева) "Жұлдыз болып жанайын" әнін орындаса, домбыра үйірмесінің 5-сынып оқушысы Әлиназар Қадыр (Жетекшісі Жақсылық Бисенғалиев) "Күй таласпен" қара домбыраны күмбірлетті.
Қобыз үйірмесінің 1-сынып оқушылары (Жетекшісі Гүлмира Қадырбаева) "Қарлығашпен" қобыздың ғана емес, жүректің қылын шертті.
Аталған үйірменің 1-сынып оқушысы Адель Бақытжан "Ақсиса" шығармасын концертмейстер Ербол Ақылбековпен бірлесе орындап шықты.
Әсем әндер салтанат құрған кеште кіші буын бишілері (Жетекшісі Зәмзәмгүл Мұратова) "Қосалқа", "Чунга-чанга" билерін ұсынды.
Фортепианода шебер ойнаған Милана Байронова (Жетекшісі Ербол Ақылбеков) "Қамажай" шығармасын тарту етті.
Анаргүл Кенжеғалиеваның шәкірті, қобыз үйірмесінің 5-сынып оқушысы Аружан Тельман "Кішкентай" күйін үлкен талаппен орындап, ыстық ықыласқа бөленсе, домбырашылар ансамблі (жетекшісі Гүлмира Құбаева) "Балбырауын" күйімен сахнаны жандандырды. Эстрадалық вокал сыныбының 1-сынып оқушысы Жәния Мұқанова (жетекшісі Мейрамгүл Дәулетқалиева) "Тәуелсіз Қазақстан" әнін әуелетсе, аталған үйірмеден құралған хордың бір-бірімен үйлескен дауыстары шабыттандырмай қоймады. Отанға асқан махаббат сыйлағысы келген кішкентай балдырғандар "Қазақстаным Отаным" әнімен есеп беру кешін түйіндеді.
Шара соңында мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиев қорытынды сөз алып, алған әсерімен бөлісті. Сондай-ақ аудандық балалар саз мектебінің ұжымына алғыс хат табыстап, өз тілегін арнады.
Көздерінде от ойнаған жас дарындардың шыңы әлі алда екені айқын байқалған кеш көтеріңкі көңіл-күймен өз мәресіне жетті.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz