10.01.2023, 23:31
Оқылды: 39

Аудандық партия филиалында жаңа төраға

«AMANAT» сапында ҚР Президентінің, әкімдердің болмауы партияны әлсіретпейді, керісінше күшейте түспек. Бұған дейін бұл партия туралы сөз болса «биліктің, президенттің, әкімдердің партиясы» дейтін. Енді ондай ұғым жойылды. «AMANAT» биліктің емес, билеуші партия болды. Бұл туралы аталмыш партияның Бәйтерек аудандық филиалының кезектен тыс ХХХVI конференциясында айтылды.

IMG-20230110-WA0120

Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев, саяси кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының және «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Бибигүл Ахметжанова өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның баяндауынша, партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы 137 көрсеткіштен тұрады. «Жол картасында» ауылдарға су, газ, жол тарту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті, медицина, білім салаларын дамыту көрініс тапқан. Сондай-ақ экология, жастарды қолдау, спортты өрістету мәселелері де енгізілген. Олар жоспарлы түрде шешімдерін табуда. Яғни ауданда 2021 жылға бекітілген 85 көрсеткіштің 84-і, ал былтырға жоспарланған 80 көрсеткіштің 79-ы орындалды.

IMG-20230110-WA0119

Конференция барысында аудандық филиалдың жаңа төрағасы сайланды. Партия ардагерлері Тілекбай Төлепқалиев, Николай Анципрович, партиялық бақылау кеңесінің төрағасы Ләззат Қажығалиевалар бұл лауазымға Бибигүл Ахметжанованың кандидатурасын ұсынды. Конференция делегаттары бұл ұсынысты толықтай қолдады.

- «AMANAT» партиясының басты ұстанымы – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, тыныштықты, ынтымақтастықты сақтауға, қазақстандықтардың жарқын болашағына атсалысу. Бүгінгі таңда осы бағыттарда қарқынды жұмыстар жүруде. Өздеріңіз білесіздер, алдымызда тағы бір үлкен саяси дода тұр. Ол – Парламент сайлауы. Осының алдындағы сайлау партиялық тізім бойынша жеңілдеу өтті. Ал алдағы сайлау олай болмайды. Сол себепті партияластарымыз оған мықтап дайындалулары керек. Мемлекет басшысының пәрменімен заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚР Президенті өзі «AMANAT» партиясына жетекшілік етуді тоқтатты. Кейін облыс әкімдері, енді аудан әкімдері де өңірлік филиалдарға басшылық жасаудан босап жатыр. Бұл - партияны әлсіретпейді. Керісінше күшейте түспек. Бұған дейін «биліктің, президенттің, әкімдердің партиясы» деп келсе, енді ондай ұғым жойылды. Енді біз биліктің емес, билеуші партия болдық. Депутаттардың, қоғамдық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі біздің партияның мүшелері. Солар арқылы өзіндік позициямызды ұстанып, атқарушы биліктің қызметіне ықпал ете аламыз. Мұның бәрі дамыған мемлекеттерде жүзеге асып жатыр, яғни әлемдік тәжірибеде бар. Біздің ендігі мақсатымыз – алдағы саяси додада өз орнымызды өзгеге бермеу. «AMANAT» байшікештер мен олигархтардың да партиясы емес. Иә, кезінде ондай жандар болған. Олар жеке мүддесі үшін партияны пайдаланды. Қазір біздің арамызда ондайлар жоқ. Есесіне егемен елімізде өсіп-жетілген, ой-санасы азат, жаңаша білім алған, біліктілігі мол жастар көп, -деді жиында сөз алған «AMANAT» партиясы БҚО филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале