16.09.2021, 12:10
Оқылды: 49

Ауданға жас маман келді

Жалпы медицина саласында кадр тапшылығы – күрмеулі мәселелердің бірі. Қазақстанның қай түкпірін алып қарасақ та, әсіресе ауылдық жерлерде дәрігерлер жетіспейтіні рас. Бұл мәселе биыл Ақжайық ауданында шырайлы  шешімін тауып, аудандық емханаға қыркүйекте 6 бірдей жас дәрігер келді.

6

Былтыр ауданның бас дәрігері Алмас Жүнісбеков пен аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев дәрігерлер даярлайтын жоғары оқу орындарына барып, дипломдарын қолына алмақ ниеттегі жас дәрігерлермен ауданға жұмысқа тұруына орай жұмыстанды. Салада тапшы мамандардың Ақжайыққа бет алуын осы сапарлардың оң нәтижесі деп білеміз.

Қызметіне енді кіріскен жас дәрігерлерді  аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдап жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Қасиетті өлке – Жұбан еліне қадам басқан екенсіздер, Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Араларыңызда өзге облыстықтармен қатар өз жерлестеріміз де бар.  Гиппократ антына адалдық танытып, елге шынайы қызмет ететіндеріңізге сенемін», - деген ол жас мамандарға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тапсырды.

Одан соң аудандық емхананың бас дәрігері Алмас Тоғайбайұлы былтырғы жылы мамандармен кездесуде қолдау білдірген аудан әкімдігіне алғысын айта келіп, еліміздің оңтүстік облыстарынан келген жас мамандарға барлық жағдай жасалып, алды баспаналы болғанын айтты.

Ауылда еңбек жолын бастаған дәрігерлерге қолдаудың бірі – облыс әкімдігінен бөлінетін грантқа да құжаттар жинақталуда.

Дана Әлібекова М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық  университетін жалпы тәжірибе дәрігері мамандығы бойынша тәмамдап, өзінің туған ауылы Тайпақ ауылдық ауруханасына жұмысқа орналасса, аудан орталығындағы емханаға дәл осы мамандық бойынша төрт дәрігер келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданынан келген бұл жігіттер жұмыс бастағандарына апта ғана өтсе де, кәнігі мамандардай ширақ қимылдауда. С.Асфендияров  атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлектері Нұрәлі Исақов, Илхамжан Низамханов, Баходыр Саврон және ерлі-зайыпты дәрігерлер Төлеби Шынболатов пен акушер гинеколог Алия Найманова да бар.

Аудандық ауруханаға гинеколог маман керек болғалы бірқатар жылдың жүзі өтті. Жас маман Әлия Найманова қызметке тұрған күннен-ақ жұмыстың бел ортасына түскені де сондықтан. Өзбекстанда дүнигеге келген ол, жоғарыда атап өткеніміздей, С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің түлегі. 2018 жылы резидентураға тапсырар сәтте Батыс Қазақстан облысының грантын ұтып алады. Еліміздің қонақжайлығына, басшылықтың тарапынан ұсынылған қолдауға риза болған жас маман өз ойын былайша жеткізді:

– Біз өзге облыстан келсек те, әріптестеріміз жан-жақтан көмек көрсетуде. Келген бесеуміздің арамызда өзге ұлт өкілдері де бар. Бірі өзбек, бірі әзербайжан болса да, қазақы ауылға келіп, жұмыс істеуге ниет білдіргені құптарлық. Жұмысты бастағаныма айға жетпесе де, қиын әрі жауапкершілігі мол қызмет екенін сезінудемін. Өмірге ұрпақ әкелетін аналармен жұмыстанатын болғандықтан, әр ісіме, әр шешіміме мұқият болуым керек. Менің жолдасым да дәрігер, балаларымыз бар. Отбасылы болғасын, аурухана басшылығы алғашқылардың қатарында үй беріп, қоныстойды тойладық.

 

Әсет Сағындық,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале