22 қаңтар күні Казталов ауданының Таңат, Жас, Сатыбалды, Бостандық және Ащысай елді мекендерінде көгілдір отын іске қосылды. Аудан әкімі Рүстем Зұлқашев пен орынбасары Қадер Қадірәліұлы аталған елді мекендерде болып, халықты қуанышымен құттықтады. Рүстем Мүлкайұлы бүгінгі күні ауданымыздың барлық елді мекендеріне газ толық жеткізілгендігін атап өтті.
- 2022 жылы 16 елді мекенге газ өткізу жоспарланған болатын. Дегенмен техникалық кедергілердің салдарынан 8 елді мекеннің тұрғындары кеше және бүгін көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Осылайша, ауданымыздағы барлық ауылдар мен елді мекендерге газ толық жеткізілді. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі жобалардың бірі. Алдағы уақытта халықты толғандырып жүрген су, жол және өзге де әлеуметтік мәселелердің шешілуі мақсатында жұмыстарымызды жалғастырамыз, - деді аудан басшысы.
Елімізде жүргізіліп жатырған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының нәтижесінде бүгінгі таңда Таңат, Жас, Бостандық, Сатыбалды, Ащысай елді мекендерінің тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Сатыбалдылық Румия Әбужалитова да газ іске қосылған сәттен бастап түскі астың қамына кірісіп кеткен.
- Бүгін ауылымызға көгілдір отын жетіп, іске қосылып, қуанышымызда шек болмай тұр. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары таң сәріден ерте тұрып, пеш жағып, қиналатын. Оған шарықтаған тезек пен көмірдің бағасын қосыңыз. Енді өткен күндер ертегіге айналып отыр. Шын мәнінде, Жаңа Қазақстанда халқымыздың әл-ауқаты артып жатыр десем артық айтқандық болмас. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» осындай болса керек-ті. Біз еліміздегі жүргізіліп жатырған бағдарламаларға өте ризамыз, - деді ауыл тұрғыны.
Ауданымыздағы ауылдар мен елді мекендердің алшақтығына қарамастан игі жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Бостандық пен Ащысай елді мекендеріндегі ағайын «өмірімізде көгілдір отынның игілігін көреміз деген – үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген дүние» деп таңдай қақты. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары газбен қамтамасыз етілсе, алдағы уақытта әлеуметтік нысандарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек.
Асылбек Нәсіпқали
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz