Теректі аудандық «Қазына» коворкинг орталығында аудан әкімі Тілек Габдушев ауған соғысы ардагерлерімен жүздесті. Кездесуге ауылдық округтерде тұратын ардагерлер, аудан әкімінің орынбасары Дамир Ғұмаров және бөлім басшылары қатысты.
Жиын барысында ардагерлер тұрғын үй кезегі, ауыл ішілік жол, ауыз су, көгілдір отын секілді мәселелерді ортаға салды. Аудан басшысы сауалдарға жауап беріп, шешу жолдарын ұсынды.
Жүздесу одан әрі мәдениет үйінде дайындалған мерекелік концертке жалғасты. Ең алдымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мамандары кітап көрмесімен таныстырды.
Ауған соғысының ардагерлері залға қарай беттегеннен-ақ көрермендер тік тұрып, қошемет көрсетті. Қаза болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Е.Мағзом «Алға», Д.Жұмағалиев «Ақжайық», А.Дәулетқалиев «Офицеры», К.Қадырғалиева «Қазағым», Қ.Сағидуллин «Ауған елі» т.б әндерді шырқады. Аудандық «Дат» театрының әртістері өлең жолдарын оқыды.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz