16.02.2022, 16:40
Оқылды: 141

Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу

Ауған соғысы – тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 15 ақпан 10 жылға созылған сұрапыл соғыста ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына биыл 33 жыл толды. Жалпы елімізден ауған соғысына 22 мың сарбаз аттанған. Соның ішінде 761 сарбаз қаза тапса, 20 сарбаз хабар-ошарсыз кеткен. Бүгінде елімізде 10 мыңға жуық ауған соғысының ардагерлері тұрып жатыр. Оның 3 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында. Айтулы күн қарсаңында Тасқала ауданының әкімі Бауыржан Айтмағамбетов ауған соғысының ардагерлерімен кездесті. Аталмыш кездесу шарасы аудан әкімдігінде өткізілді.

IMG-20220216-WA0028

Жиынға қатысқан ардагерлер өздерін таныстырып, ауған соғысына қалай барғандарын әңгімелеп берді. Біреуі әскер қатарында жүріп соғысқа аттанса, енді бірі әскери арнайы шақыртуымен аттанғандарын айтты. «Ауған соғысы қанша боздақтардың жанын қиып, қанша отбасыға қайғы-қасірет алып келгенін сіздер жақсы түсінесіздер. Себебі, бораған оқтың ортасында өзіңіз де болдыңыз. Оны сізден артық ешкім сезініп те, түсінеде алмасы анық. Қазіргі жас буынға сіз жүріп өткен жол үлгі болуы тиіс. Сіздерге қарап, бүгінгі бейбіт күн үшін шүкір етіп, алғыс айту қажет»,- деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы. Кезегімен сөз алған шара қонақтары ұйымдастырушыларға өздерінің алғысын білдірді. «Мен өзім Ынтымақ елді мекенінде туып өстім. Сегіз жасымнан бері Тасқала аулында тұрып келемін. Негізі мамандығым – құрылысшы. Ауған соғысының ардагерімін. Сұрапыл соғыс талай боздақтың жанын қиды. 10 жылға созылған соғыс біздің есімізден кетпейді. Себебі ол соғыс талай жолдастарымызды келмеске аттандырды. Бүгінде мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырып, жас буынға үлгі болсын деп тырысып жүрген жандарға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, бізді құрметтеп жатқан аудан әкімдігіне де ризашылығымды білдіремін»,- деді өз кезегінде ардагер Мақсот Дабаев.

Кездесудің соңында ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етілді. Одан әрі аталмыш шара Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары ұсынған мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Әсем Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале