17.02.2021, 10:09
Оқылды: 357

Ауған және Тәжік-Ауған ардагерлерімен кездесті

Биыл Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 және Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 20 жыл толды. Осыған орай Жәнібек ауданы әкімдігінде Ауған соғысына және Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан ардагерлермен кездесу өтті. Оны аудан әкімі Азамат Сафималиев ашып, кездесуге қатысушыларды осынау атаулы күнмен құттықтады.

C4FB0B8D-0218-43FF-9CA5-4F1467502DB2

-1979-1989 жылдар аралығындағы Ауған соғысына 22 мыңнан астам және 1993-2001 жылдары болған Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа 8,5 мың қазақстандық қатысып, өздерінің интернационалдық және жауынгерлік борыштарын адал атқарды. Көптеген қазақстандықтар ұрыс даласында оққа ұшып, жат жерден топырақ бұйырды. Із-түзсіз кетіп, мүгедек болып оралғандары қаншама. Ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалған жоқ. Ендігі ардагерлер сіздерсіздер, сіздердің жүріп өткен жауынгерлік жолдарыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан сын сағатта ел үшін өміріңізді тәуекелге тігіп, нағыз ер-азаматқа тән қасиеттеріңізді көрсетіп, қан майданда танытқан қайсарлығыңыз үшін және Тәжік-Ауған шекарасындағы бітімгершілік операциясына қатысып, Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің айбынын асырған Отан алдындағы адал қызметіңіз үшін сіздерге кейінгі жас ұрпақтың атынан алғыс айтамын. Жақсы күндерде, қуанышта кездесейік, - деген аудан басшысы алда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы келе жатқанын, биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толатынын атап өтіп, елімізге тыныштық, халқымызға амандық тіледі.

B00D0FAA-991F-4A9C-8629-67FCADC4B30F

Әрі қарай Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа байланысты бейнефильм қатысушылар назарына ұсынылды. Сондай-ақ кездесу барысында аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Арман Ахонов, қамыстылық Тимур Ғиззатов, жәнібектік Нұрлан Қадешовтер сөз сөйлеп, өздерінің ізгі тілектерін білдірді.

Кейін Азамат Сафималиұлы Самиғолла Ниталиев пен Қыдырғали Бұхтыбаевты 2018 жылғы 18 қазандағы №732 мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілген «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен және аудан әкімінің алғысхатымен, сондай-ақ Тимур Қалимұлы, Берік Ғабдырахимұлы, Кәрімжан Сабырғалиұлы, Қазбек Фазылұлын өз атынан алғысхаттармен, сонымен бірге биылғы 8 ақпанда Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 20 жыл толуына орай Қисмат Еменғалиұлы, Нұрлан Ертайұлы, Бақытжан Берікқалиұлы, Алмат Хамитұлы және Ақболат Телжанұлын төсбелгімен және аудан әкімінің алғысхатымен марапаттады.

54783C97-0771-4D71-B0B9-C29BB04A9C20

Айта кетейік, шара барысында аудан орталығындағы «Батырлар аллеясында» орнатылған Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш-белгіге гүл шоқтары қойылды.

Асқар Орынғалиұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале