8.09.2022, 22:24
Оқылды: 70

Әулеті әлеуетті Ахметовтер

Теректі аудандық балалар шығармашылық үйі мен "Жастар рухы" жастар қанатының ұйымдастыруымен "Теректідегі тебіреніс" жобасының кездесуі өтті.

ахметовтар

Отбасы күніне орай Ақжайық орта мектебінде ұйымдастырылған жүздесудің басты кейіпкерлері – жерлестеріміз Ахметовтар әулетінің мүшелері.

Әулеттің бас көтерер азаматы Ерікқали Ахметов -  ҚР «Мәдениет саласының үздігі», ақын, сазгер. Бауыры Болғанай Меңдібайқызы – әнші, ізденімпаз өнер жанашыры, шебер ұйымдастырушы.

Осындай әулеттен шыққан ұл қалай осал болсын! Әке ізін басқан Әділ Ахметов жас айтыскер, жалынды ақын, әнші ретінде танылып үлгерді.

Осындай тума таланттар отбасымен жүздесуде жоба жүргізушісі Үміткер Орынғалиев өнер, шығармашылық жайында әңгіме өрбітті. Ерікқали Меңдібайұлына ол жас буын мен аға буын айтыскерлердің көтеретін тақырыптары мен ойлау жүйесі тұрғысынан айырмашылығынан бастап,  тыңдарманға сазгер ретінде танымал еткен әндері, әншінің бағын ашқан туындыларын қаншаға бағалайтындығы жайында сұрақтар қойды.

Сөз кезегі келгенде Әділ Ерікқалиұлы айтысқа қатысты, ұстаздары жайындағы  сұрақтарға жауап берді. Суырып салма ақын бозбала домбырасын қолға алып, Ақжайық ауылына арнауын жолдады. "Жалғыз аққу", "Вокзал маңы" әндерінің әуезі тыңдарманның көңілін селт еткізді.

Ахметовтар әулетінің «жолы жіңішке» болғанымен орыны  үлкен өкілі Болғанай Меңдібайқызы өзіне тән сабырлы мінезімен әр сауалға байыпты жауап берді. Отбасы, қызметі жайында ой өрбіткен ол  "Құсни Қорлан" әнін домбырамен орындап берді.

Өнер адамдарымен кездесуге келген Ақжайық, Абай, Еңбек, Восход мектептерінің басшылары  ізгі тілектерін арнады.

Ресми кездесу емес, рухы жақын, өнерсүйер адамдардың жылы басқосуына айналған шара соңын ағайынды Ахметовтар қос дауыста орындалған «Ақжайық-ару мекенім» әнімен түйіндеді. Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадырәлиев кеш қонақтарына Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушевтың атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале