17.02.2022, 23:26
Оқылды: 139

Ауыл әкімі халық алдында есеп берді

Жаңақала ауданының орталығындағы мәдениет үйінде ауылдық округ әкімінің халықпен есептік кездесу жиыны өтті. 

IMG-20220217-WA0071

Ауылға ортақ бірқатар өзекті мәселелер ортаға салынып, халықтың уәжі тыңдалды. Есептік кездесуге аудан әкімі Дархан Закарин, бөлім-мекеме басшылары және аудан тұрғындары мен ақсақалдары қатысты. Есептік кездесудің күн тәртібінде бір мәселе ұсынылды. Жиын барысында ауылдық округ әкімі Ақан Қапанов өткен жылы атқарылған жұмыстарды және ағымдағы жылға жоспарларын баяндады.

- Құрметті жерлестер, құрметті Дархан Әмірханұлы! 2021 жыл артта қалып 2022 жылға аяқ бастық. Биылғы жыл еліміз үшін оңай басталған жоқ. «Қасіретті қаңтарымыз» артта қалып, бүгін ауылдық округ әкімінің есеп беру жиынында кездесіп отырмыз. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады деген сеніммен 2021 жылғы атқарылған жұмыстар туралы және алда атқарылатын жоспарлар туралы баяндама жасауға рұқсат етіңіздер.

Жалпы ауылымыз аудан бойынша халық көп қоныстанған, өндіріс орындары шоғырланған, мәдениеті мен инфрақұрлымы дамыған ауыл болып табылады. Мал азығын ауданнан тыс жерлерден сатып алып арзандарылған бағамен қымбаттатпай халықтың сұранысына байланысты үйлестіру жұмыстары жүруде және қатаң бақылауда. Оған 2021 жылы облыстық бюджеттен қаржы қаралып, тасымалдау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде мал азығы – шөпке тіркелген 473 отбасы болса оның 319 мал ұстайтын ауыл тұрғындарына мал азығына кезекпен жеткізілді.

Бұралқы иттерді жою жөнінде тоқталсам, қазіргі кезде ережеге сай иттерді жоюға болмайды, алайда тұрғындардың арызы бойынша бұралқы иттер жойылуда. Сонымен қатар 16 ит кастрацияланды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін биылғы жылы ауыл тұрғындары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ (22 адам) және «Жаңақала Несие» ЖШС (3 адам) несиелендіру қорларымен 178 741 214 млн. теңгенің несиесін алды.

IMG-20220217-WA0069

Өткен жылғы есепті кездесудегі тапсырмалардың орындалуына тоқталып өтейін. Қ.Жантілеуов саябағы және Тәуелсіздік және басқада саябақтарды көктем-жаз мезгілінде тазарту жұмыстарын жүргізіп отыру, талдар отырғызу, күтіп ұстау орындалды. Жұмыстар ары қарай жалғасын табады. Аудан орталығының көшелеріне қатқыл табанды жол төсеу мәселесі жоспарға сай белгіленген көшелер орындалды. Ауыл ішіндегі электр жарығын ретке келтіру және қосымша көше жарығын орнату жыл сайын біртіндеп жаңартылып келеді. Биылғы жылы 100 светодиоттық лампаны орнату жоспарлануда. Атап айтқанда маршрут жүретін №19 көше, Б.Уәлиев көшелеріне орнатылады және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, А.Дауылбаев көшелеріне де жоспарлануда. Бұл жұмыстар ары қарай жалғасын табады, - деді Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Болатұлы.

Ауыл тұрғындары әкімдерге көкейінде жүрген ауылға ортақ мәселелерді қозғады. Аудан басшысы мен ауыл әкімі, мекеме-бөлім басшылары тұрғындардың сауалдарына тұшымды жауаптарын айтты.

IMG-20220217-WA0070

Жиын соңында биліктің тетігін ұстаған жауапты жандар ұсыныстар мен пікірлерге жұмыстанатындарын айтты.

Райхан Амантайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале