10.08.2023, 15:30
Оқылды: 14

Достыққа жаңа әкім сайланады

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 13 тамыз күні өтетін Бәйтерек ауданы Достық ауылдық округі әкімінің сайлауына байланысты кандидаттар арасында пікірталас сайысын өткізді. Жоба республика бойынша біздің өңірде алғаш қолға алынып, бүгінгі күні үміткерлердің іскерлік қыры мен саяси мәдениетін, ұстанымдарын анықтауда, халықтың сайлау жүйесінің ашықтығына, әділдігіне сенімін нықтауда тиімділігін көрсетеді деп болжанып отыр.

IMG-20230810-WA0027

Дебат барысы Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының facebook желісіндегі ресми парақшасының тікелей эфирінен көрсетілді.

Пікірталастың алғашқы кезеңінде модератор көпшілікті Достық ауылдық округіне кандидаттардың өмірбаянымен таныстырып, үміткерлер айлауалды бағдарламаларын түсіндірді.

Екінші кезеңде кандидаттар бір-біріне сауал жолдап, ауылдағы ұялы байланыс, интернет, жайылымдық жер сынды өзекті түйткілдерді шешу туралы жоспарларымен қысқа да нұсқа бөлісті.

IMG-20230810-WA0029

Үшінші кезеңде ауыл тұрғындары кандидаттарға көкейтесті сауалдарын жолдап, олардың жауабына сай ертеңгі күні жүзеге асырылатын істерді бағамдады. Тұрғындардан түскен сұрақтардың қатарында жарықтандыру, ауылішілік жол, «Ақбұлақ» бағдарламасымен су тарту, ұялы байланыс, ауыл тазалығы, қаламен екі ортаға тасымал құны әрі жиілігі секілді проблемалар қозғалып, кандидаттардың әрқайсысы аталған мәселеде қалай жұмыстанатынын айтты.

Жиын соңында белсенді қатысушылардың сайлау жүйесіне, сайлаудың әділ өтуін бақылау процесіне қатысты сұрақтарына облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өкілі Асыланбек Ғұбашев жауап беріп, саяси науқанға байқаушы ретінде тіркелу шартын, әр азаматтың таңдау құқығын жүзеге асыруда жауаптылық танытуының маңызын жіктеп жеткізіп берді.

Достық ауылдық округінің әкіміне төрт адам өзінің кандидатурасын ұсынып, үшеуі тіркеуден өтті. Олар – Самат Жанатұлы, Ербол Сидағалиев және Әбубәкір Төлеуов.

Қазіргі таңда кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы жүргізіліп жатыр. Сайлау күні үш учаске жұмыс істейді. Достық ауылдық округі бойынша 3 237 сайлаушы бар.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале