19 қараша күні Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Сабыржан Ищанов халыққа есеп берді. Сайлау алдындағы есепті жиында округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші баяндалды. Жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ищанов, салалық бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Округ әкімі алдымен есепті жиындарда көтерілген өзекті мәселелерге тоқталды.
— Осы уақытқа дейін округ тұрғындары көтерген бірқатар мәселелер шешімін тапты. Мәселен, «Қуан Құрылыс» ЖШС арқылы Нұрсай ауылындағы көп жылдан бері қордаланған күл-қоқыстар шығарылды. Сонымен қатар Беспішен елді мекенінің шекарасы белгіленіп, жер қатынастары бөлімі арқылы тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ Казталов газ шаруашылығымен Беспішен елді мекеніндегі газ трассасына тазалау жұмыстары жүргізіліп, мәселе шешімін тапты. Бұдан бөлек округ орталығында 2 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жуырда пайдалануға беріледі. Сондай-ақ ауылға кіреберіске жарықшамдар орнату жұмыстары жүргізілуде, — деді округ әкімі Сабыржан Миржанұлы.
Тереңкөл ауылдық округінде 2022 жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар жоқ. Бүгінде ілкімді істер атқарылып жатқан округ әкімінің жұмысына халық оң бағасын беріп, ризашылығын білдірді.
Жиында салалық бөлім басшылары тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат беріп, маңыздылығын түсіндірді. Халықтың әл-ауқатын арттыруда маңызы зор бағдарламаларға қатысуда округ тұрғындарының белсенділігі арттыру қажеттігі айтылды.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы