Жәнібек ауданы әкімдігінде облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халеловтың қатысуымен «Ауыл аманаты» бағдарламасын түсіндіру, іске асыру барысын талқылау бойынша кездесу өтті.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов ашып, жүргізіп отырды. Басқосуға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, аудандық ветстанция директорының орынбасары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Алдымен Алдияр Сансызбайұлы өткізіліп отырған жиналыстың мақсатына тоқталып, аталған бағдарлама бойынша бөлінген қаражаттың белгілі себептерге байланысты кешіктіріліп бөлінуіне қарамастан ауыл әкімдерінен бағдарлама аясында іске асырылғалы отырған жұмыстардың жоспарын айқындап, түсіндірме жұмыстарын барынша үдете түсуді тапсырды. Осы жолғы сапарында облыс әкімінің кеңесшісі өзге аудандардағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалар жөнінде сөз етіп, тиімді тұстарын анықтап көрсетті.
Кездесу барысында Жақсыбай ауылдық округі әкімі Алмат Қаратаев алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарының дайын екенін айтса, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешов алдымен жем-шөп базасын құру басты мақсат екендігін жеткізді. Жиналысқа төрағалық туші Мирболат Бисенов қорытынды сөз сөйлеп, Алдияр Сансызбайұлына алғысын білдірді.
Еске сала кетсек, 2024 жылға «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде қажетті қаражат көлемін нақтылау үшін ауданға қарасты тоғыз ауылдық округке өткен жылдың желтоқсан айында қайтадан скрининг жүргізілді.
Жүргізілген скриниг нәтижесінде тоғыз ауылдық округ бойынша жобаға 70 тұрғын қатысуға ниет білдірді. Ауданға 2024 жылы 307,24 млн теңге қарастырылған.
Ал аталған бағдарлама аясында аудан бойынша үш ауылшаруашылық кооперативі құрылып тұр.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы