23.01.2023, 12:45
Оқылды: 44

«Ауыл аманаты» – кооперативтер үшін де игілік

Бүгінде өңір аумағында «Ауыл аманаты» жобасының түсіндіру жұмыстары жүруде. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру. Сырым ауданы бойынша Бұлан және Шолақаңқаты ауылдық округтері пилоттық үлгіні қабылдауға дайындалуда. Ауылдастардың табысы қалай артады? Жоба қалай жұмыс жасайды? Кешегі аптада осы сауалдарға жауап беру үшін Сырым ауданына Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов келіп, шаруалармен кездесті. 

IMG_9236

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев төрағалық еткен жиналысқа облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары И. Мыңбай, «AQJAYIQ» ӘКК» АҚ Стратегиялық даму және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік департаментінің бас менеджері Ғалымжан Мурзағалиев, ауылшаруашылық басқармасының бас маманы, бас менеджері Ринад Мұсағалиев, облыстық мәслихат депутаты Серік Жарылғапов қатысты.

Кейінгі жылдары елімізде аграрлық бизнеске бетбұрыс жасау бағытында бірқатар бастамалар қолға алынды. Азық-түлік қауіпсіздігі мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі күннен-күнге өткірлене түскен бүгінгі уақыт халыққа тиімді бағдарлама қажеттігін туғызды. «Ауыл аманаты» – мүмкіндіктері қарапайым еңбек адамдары үшін барынша қолжетімді, тиімді тетіктері  ойластырылған жоба. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау. Сырым ауданы бойынша округ орталықтарында болдық. Шаруалармен жүздесіп, мемлекеттің қолдауын қабылдауға, 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін несие арқылы жоспарларды нақты іске айналдыруға шақырдық,- деді аудан әкімі жиын басында.

IMG_9247

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысына 6 млрд теңге қаражат ұсынылуда. Оны игеріп-игермеу –шаруалардың ширақтығына әбден байланысты.

Әріптесінің сөзін толықтырған Алдияр Халелов «Ауыл аманаты» жобасының бірреттік емес, дәстүрлі бағдарламаға айналатынын айтты.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісінің айтуынша, біздің ауылшаруашылық өндірушілері өңірді күнделікті тұтынатын азық-түлік арасынан тек етпен ғана толық деңгейде қамти алып отыр. Әлі көкөніс, сүт өнімдері, құс өнімдері керек. Жаңа жоба арқылы осы қажеттіліктердің көлемі азаймақ.

IMG_9234

– Ауылға қандай бизнес керек? Қайсы сала табысты? Осыны сараптап, зерделеу керек. Жергілікті билік органдары, яғни ауыл әкімдері мен округ әкімдігінің мамандары жаңа жобаны түсіндіруден бастап құжаттарды жинау, жұмысты бастау кезеңдеріне дейін халықпен бірге жүруі тиіс.

«Ауыл аманаты» ауылдардағы ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің де жұмысына жан бітіреді. Кәсіпкерлерге жер жырту, мал азығын дайындау, тасымалдау қызметтерін кооперативтер ұсынуы қажет. Міне, сонда игілік ортақ болады,- деді Алдияр Сансызбайұлы.

Жиналыста ақпараттық пен шаруашылық саласының  өкілдері өзара ой-пікірлерді талқылады. Соның ішінде, несие үшін белгіленген кепіл шарттарына қатысты сұрақ та, ұсыныс та көп. Бір қуантарлығы, еңбекке ниетті жандардың қадамын тежеген «барьер» алыныпты. Жаңа жоба ауылдағы ағаш қабырғалы және тастан салынған үйлерді де кепіл есебінде қарастырады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале