Ауыл тұрғындарының әлеуетін арттырар үлкен жоба «Ауыл аманатының» басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «AMANAT» партиясы және Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе отырып өткізген конкурс нәтижесінде осы бағдарламаны өңірде іске асыру «Аqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған болатын.
«Ауыл аманаты» жобасында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға, мал, құс, өсімдік шаруашылықтарына, балық және ара өсірумен айналысуға басымдық берілген. Сонымен қатар шағын бизнестің басқа да түрлеріне несие беріледі. «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайында Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиева:
- Бағдарламамен несие рәсімдеу «Аqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүргізілді. Шарттары халыққа өте тиімді, себебі пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Нысаналы мақсаты – мал мен құс, арнайы жабдық-құралдар сатып алу. Ескертіп айтарым, несие ақшасына өзіне жеке тұрғын үй немесе жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Несие ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жобалары бойынша 7 жылға дейін, экономиканың басқа салаларына 5 жыл мерзімге беріледі. Несиенің номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Бұл жоба ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін – үлкен мүмкіндік, - деп түсінік берді.
«Ауыл аманаты» бойынша былтыр ауданда 113 өтініш мақұлданып, «Аqjaiyq» корпорациясы арқылы, 713 млн. 448 мың теңгеге несие берілген. Несие алушылардың дені мал өсіруді таңдаған. Нақты тоқталып өтсек, мал шаруашылығына негізделген 93 жобаға 593 млн. теңге берілді. Құс шаруашылығына небәрі 2 жоба ұсынылды. Өсімдік шаруашылығы бойынша да екі жобаға 7 млн 500 мың теңге берілген.
Шағын бизнесті дамытуға 16 өтініш түсіпті. Оның ішінде тігін цехы, автокөлік жөндеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және жүн өңдеу, қоғамдық монша сияқты ауылда өте қажет нысандар бар. Бұл жобаларға 100 млн. 128 мың теңге несие рәсімделді.
- Былтырғы 113 жобаның 91 жүзеге асырылып, несиелік 591 млн. 530 мың теңге игерілді. Қалған 22 жоба мал шаруашылығына бағытталған. Қаржы жыл аяғында берілгендіктен, уақытты биылғы көктемге дейін ұзартылды - деген бөлім басшысы, - Жобаны биыл да нәтижелі жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Қазір аудан бойынша 1 млрд. 047 млн. теңгеге 122 жоба қаржыландыру жоспарлап отырмыз. Бағыттарға тоқталсақ, биыл да мал шаруашылығымен айналысамын деушілер көп. 523 млн. 800 мың теңге есептелген 76 жобада етті-сүтті ірі қара, ұсақ мал сатып алу қарастырылған.
Биыл құс шаруашылығын дамытуға 10 жоба ұсынылды. 39 млн 700 мың теңгеге 15 000 бас құс алынады. Бұлардан басқа өсімдік шаруашылығына 6 өтініш, ауыл шаруашылық кооперативтерін техникамен жабдықтауға 13 жоба бар. Шағын бизнес дамытуға 17 өтініш тіркелді,- деп «Ауыл аманатының» биылғы қарқыны жайында баяндаған Сандуғаш Сайынқызы «Осы жобалар іске асырылғаннан кейін сүт өндіру 1800 тоннаға, ет өндіру 60 тоннаға, жұмыртқа өндіру 900 мың данаға, көкөніс және жеміс-жидек өндіру көлемі 150 тоннаға жетеді. Сонымен қатар бұл жобалар 100-ға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызады» деген болжамды жоспарын айтты.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz