Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауылдың жағдайын бақылауда ұстап, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Оған Жәнібек ауданына қарасты Күйгенкөл ауылында өткен есептік кездесуге қатысқан аудан тұрғындары куә.
Жиында ел бесігіне қатысты біраз ойлар айтылып, ауылды сақтап қалу үшін келелі ұсыныстар да талқыланды. Соның бірі де бірегейі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы еді. Бағдарламаға ниетті ауыл жұртшылығының тапсырған құжаттары «ережеге сәйкес келмей» не әртүрлі жағдайлар туындап, мемлекеттік гранттан да, жеңілдетілген несие алудан да құр қалады. Оны естіген Нариман Төреғалиұлы бірден назар аударып, тиісті сала басшыларына мәселені оң шешуді тапсырған болатын. Осы орайда бағдарлама туралы ауыл тұрғындарына нақты ақпарат беріп, талқылау мақсаты үшін елмен жүздесу керектігін баса айтты. Осы уақытқа дейін бұл тақырыпта біраз жиын өткенін де жоққа шығара алмаймыз. Балық емес қармақ беріп, жұмыссыздықты азайту және ауылдағы ағайынның тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін жүзеге асқан бағдарламаны насихаттау ісінде келелі кездесулер өтіп келеді. Дегенмен жиынның барлығы аудан орталығында өтті. Оған алыс ауылдардағы қауым келе алмайтыны белгілі. Осыны ескерген басшылар ендігі кезекте орталықтан шет жатқан ауылдағы тұрғындармен кездесуді қолға алды.
Жақсыбай ауылына облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев, бас маманы Миржан Мауытов және ӘКК «Aqjaiyq» басқармасының басшысы Ержан Досмақов келді. Маңызды кездесуге ауыл тұрғындары, шаруа қожалық жетекшілері, жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты. Жиынды аудан әкімі Тимур Шиниязов бастады.
- Биыл «Ауыл аманаты» жәнібектіктерге серпін берді деген ойдамын. Келесі жылы өзгеше сипат алып, тұрғындар аталған бағдарлама аясында тың идеяларын жүзеге асырса, үлкен қуаныш! Өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің тапсырмасына сәйкес облыс орталығынан арнайы мамандар келіп, бағдарламаның тетіктерін түсіндіріп жүр. Аудан орталығынан бөлек шалғай ауылдың тұрғындарына да жан-жақты ақпараттың берілгені жөн деп есептейміз, - деді Тимур Серікұлы.
Әрмен қарай, аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов аудандағы бағдарламаны ұтымды пайдалану жұмысына тоқталды. Мирболат Бауыржанұлының айтуынша, бағдарламаға қатысушы әр ауылдық округте кооператив құрылуы керек. Бұл құрылымда ел бірлігі жатқанына екпін түсіріп, тұрғындарды бірігуге шақырды.
- Биыл ауданымызға 311 млн қаражат бөлінді. Алпыс бір несие алушы құжаттарын тіркеді. Елу бес несие алушының құжаты толық мақұлданып, 249 млн теңге көлемінде қаржы берілді. Бүгінгі таңда жүз жетпіс бір бас етті, сүтті бағыттағы аналық мал, алты жүз жиырма бір бас ұсақ мүйізді мал алынды. Сондай-ақ үш кәсіпкерлік жобасы жүзеге асатын болады. Оның ішінде қырлы табиғи тастар (брусчатка) шығару, автоқызмет сынды тамаша жобалар бар,- деді ол өз сөзінде.
Алдағы уақытта мал шаруашылығын тоқтатып, шағын кәсіпкерлікті дамытып, өсімдік, құс шаруашылығына ойысу туралы пікірін де жеткізді. Содан соң ауыл әкімі Алмат Қаратаев сөз алып, бағдарламаның ауылдағы ахуалын тарқатты. Түсіндіру жұмысына қатысқан басшылар сөз алып, сұрақ-жауап бөліміне кезек берді. Жақсыбайлықтардың жолдаған сауалына нақты жауап беріп, жиынды еркін бағытта жалғастырды. Бағдарлама бойынша ауылға серпін берген аудан тұрғындарын тілге тиек етіп, ел ортасында олардың ісін дәріптеді. Жүздесу соңында Алдияр Сансызбайұлы:
- Бағдарламаны пайдаланып, озық ойларын жүзеге асырған санаулы аудан бар. Олар бау-бақша егіп, құс шаруашылығына бетбұрыс жасады. Бір ғана тауарлы малмен отыра беруге болмайды. Сіздер жеміс-жидектерді, көкөністерді, тіпті қарапайым жұмыртқаны сатып аласыздар. Енді сол өнімдерді өздеріңізден шығарсаңыздар жақсы ғой. Артылса, сатуға да әбден болады. «Ауыл аманатын» дер кезінде пайдаланып, мүмкіндікті қалт жібермеңіздер,- деді.
Жиыннан кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша сегіз сиыр алып, мал шаруашылығын дамытқысы келетін Дәурен Әбдірахмановпен жүздесті. Сонымен бірге жары Ғибат Қапанова да бағдарлама арқылы жүз отыз сегіз аналық қой алған.
Отбасымен ерекше мүмкіндікті қалт жібермеген кәсіпкерлердің жұмысымен танысып, алдағы жоспарларын тыңдады. Содан соң шаруалардың жайын білмекке бекінген түсіндіру жұмыс тобының мүшелері «Ерсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі Кенжебек Пайдинге арнайы барды.
Етті бағыттағы мал шаруашылығын қолға алған ол 137 герефорд тұқымды сиырын өз қаражатына алған.
Келелі жұмыспен танысқан басшылар Кенжебек Елеуғалиұлына сәттілік тіледі.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz