Кеше әртүрлі қайырымдылық істерімен жерлестерінің алғысына бөленіп жүрген жалпақталдық Мәди Меңдешевтің әлеуметтік желідегі хабарламасын оқып, діттеген жерге іздеп бардым. Мақсатым Жалпақтал ауылындағы орталық зираттың қоршауын дайындап жатқан жігіттерге қолұшымды беру болатын.
Барсам Мәди мен Әділ бауырымыз қызу жұмыс үстінде. Менімен бірге барған Құрман ағам да, мен де дереу көмектесе кеттік.
Орталық зираттың қоршауын дайындауға ыңғайлы орын деп қоймасын берген ауылдың танымал кәсіпкері Серік Темірханов елжанды жігіттердің бастамасына қолдау көрсетті. Зиратты қоршауға қажетті материалдар қаладан сол кісінің демеушілігімен жеткізілген болатын.
Барлық шаруаларын ысырып, алтын уақыттарын сарп еткен ауыл азаматтары «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағидамен осылайша сауапты істің басынан табыла білді. Бірлескен істе алынбайтын қамал болмайды. Ендеше ауыл-аймаққа ортақ істен қалыс қалмайық, ағайын!
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер