14.12.2021, 10:45
Оқылды: 39

Ауыл клубы жаңарды

Сонау 60-жылдары салынған Бәйтерек ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылдық клубы осы кезге дейін бір сылақ көрмеді. Төбесі тесіліп, едендері тозған мәдениет ошағын ретке келтіру жайы осы кезге дейін талай мәрте көтерілді. Ел тілегін екі етпейтін аудан басшылығы биыл ауыл тұрғындарының тілегін орындап, клубты күрделі жөндеуден өткізді. 

IMG-20211214-WA0034

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөнделген клубтың ашылу салтанатына аудан әкімі Марат Тоқжановтың өзі келді. Сонымен қатар ауыл халқының басты мәселелерінің бірі шешілгенін көрмекке ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәслихат депутаттары келді.
Іші-сыртына шырай кіріп, ауыл ортасынан менмұндалап тұрған жаңарған ғимарат ашылмас бұрын көпшілікке жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылды. Көздің жауын алатын түрлі бұйымдар қойылған көрмені тамашалап шыққан аудан басшысы Марат Тоқжанов шеберлердің өнеріне оң бағасын берді. Әсіресе ат әбзелдерін жасайтын Жанболат Рамазановтың қолынан шыққан бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

IMG-20211214-WA0056

-Егіндібұлақ ауылының клубын жөндеу керек екені көп жылдан бері айтылып келе жатыр. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елдің тілегін орындаудың сәті түсті. Жалпы ауданда мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. Биыл бірнеше ауылға кіре беріс және ауылішілік жолдар салдық. Мәдениет ошақтарын жөндеп, жаңа мектептер тұрғызып жатырмыз. Осының барлығы – ел дамуының көрінісі. Жаңарған клуб іші өнерпаздарға, өнерді шын бағалай білетін жандарға толсын,-деді егіндібұлақтық ағайынға өз құттықтауын жеткізген аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG-20211214-WA0055

Сонымен қатар өз сөзінде аудан басшысы келер жылы ауылды аудан орталығымен қосар жол жөнделетінін де жеткізді.
Одан соң Марат Лұқпанұлы ауылдың көркеюіне өз үлесін қосқан бірқатар азаматтарға алғысхат, клуб меңгерушісі Алтынханым Өтеғалиеваға ЛЭД экранды салтанатты түрде табыс етті.

IMG-20211214-WA0061

-Биыл көп іс оңынан шешілді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай мәдениет ғимараттары жөнделіп, жаңа спорт алаңдары мен мектептер бой көтеруде. Ел мұңына құлақ асқан аудан басшылығына, ғимаратты сапалы жөндеп, уақытында тапсырған мердігерге ауыл халқы атынан ризашылығымды білдіремін,-деді клуб ашылуында Егіндібұлақ тұрғындары атынан сөз алған Сақыпжамал Нұрқабылова.

Бүтін бір ауылды қуанышқа бөлеген шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале