16.05.2023, 1:18
Оқылды: 49

Ауыл шаруашылығының жағдайы мүшкіл

Ауылдан үдере ел көшсе, жастар жұмыс таба алмай, сенделіп қалаға ағылса, үлкендер туған ауылдың ауасын құшырлана жұтар шағында жол азабын тартып, у-шуы көп шаһарға аттанса, жарытып не айтуға болады? Әрине, алаңдайтын оқиғаның салдарымен емес, себебімен күресу маңызды. Бұл тұста бас тірейтін сүйеу – ауыл шаруашылығы. Өзге аудандар мұнайы һәм өзге өндірістері арқылы тамырын тереңге жайса, Жәнібектің жалғыз сенері де сол. Ауданымыздағы 400-ге жуық шаруа қожалығын тілге тиек етіп, асыр салуға әбден болатын еді. Бірақ түптеп келген ол жай ғана сан болып шыға келеді. Шаруашылықтардың аяғына салынған тұсауды кім, қалай шешеді? Ол жағы тағы да беймәлім.

WhatsApp Image 2023-05-15 at 18.06.56
Ауданға жаңа келсе де, аталмыш түйткілдерді бірден байқаған аудан әкімі Тимур Шиниязов аудан әкімдігінде қарапайым шаруалармен кездесті. Жүздесуге шаруа қожалықтарының жетекшілері, ауыл әкімдері, бөлім басшылары қатысты. Күнтізбедегі мәселелер бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Асылбек Қамашев, ветеринариялық стансасының директоры Біржан Ғұбашев, халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатов, ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Жәнібек аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Сырымбек Жапақов баяндама оқыды. Тарқата айтсақ, аудандағы ауыл шаруашылықтың дамуы, ветеринариялық шаралардың орындалуы, өсімдіктерді қорғау, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында жұмыспен қамту бағытында сөз қозғалды. Иә, жай ғана сөз қозғалды. Қағаздағы баяндаманы оқып беруден жан салмаған басшылардың өткен жылдармен салыстарған статистикалары, аудан көлеміндегі мал саны бір-бірімен сәйкес келмейді.

WhatsApp Image 2023-05-15 at 18.06.56 (1)

Мысалы, Біржан Ерназарұлы өз баяндамасында 100 пайыз 16 мың бас бұзау сырғаланды десе, Асылбек Шамұратұлы 24 мың бас бұзау алынды дейді. Көзі қарақты оқырман білсе керек, бұзау туылған соң 7 күн ішінде сырғалануы тиіс. Арасы жер мен көктей ақпарат ұсынған шенділердің қай сөзіне сенсек болады деп абдырадық. Миранбек Нұрланұлы бірқатар бағдарламалардың шеңберінде ауыл шаруашылығының өркендеуін қаузап, жеңілдетілген несиелер хақында кеңінен тарқатып айтты. Пікір қосқандардың арасында мемлекетіміз ұсынып отырған кез келген бағдарлама мен жеңілдіктерді шаруалардың шаруасына жұмсап, еңбекті еселейтін іске қаржы құйсақ дегендер де болады. Аудан әкімімен бірлесе отырып шешімін табатын жұмыстар қатарына енді.

WhatsApp Image 2023-05-15 at 18.06.56 (2)

Сырымбек Мүсәлімұлы болса, малға зиян келтіретін жәндіктердің көбеюінің алдын алу жайында үн қосты. Бұл ретте Тау ауылының тұрғыны Таңат Сариев кенелер қойға дейін жайлап, малдың қай-қайсысынан күй кетіп бара жатырғанын ашынып айтты. Ашық пікір алмасуға ұласқан жиында «Әлем» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Елемесов пен «EcoClub» ЖШС-тің басшысы Бауыржан Сабанов елең еткізер ұсыныстарын айтып, ауыл шаруашылығына қатысы бар бөлімнің басшы-қосшыларын сынға алды. Есқайыр Кафарұлы өз сөзінде: -Шаруашылық ақсап тұр деп дабыл қағудан жалыққан емеспіз. Баяғы жартас, сол жартас болып қайта ораламыз. Былтыр жоспар жасақталып, жауапкершілікпен арқалайтын жүк арқада болған. Сөз жүзінде қалмай, іске асып, нәтижесін берсе екен дейсін. Дәл осылай еркін түрде өткен басқосудың қашан болғанын ұмыттық. Басқасын айтпағанда бір ғана маман жетіспеушіліктің өзі жылжуды тежеп тұр. Оның да амалын табуға болады. Облыстағы шаруашылықтың білгірлерін арнайы шақыртып, мектептер мен колледж жастарына тәжірбиелік дүниелер өткізген жөн. Қысқасы, сіздер қырық сылтау тауып, бастарыңызды ала қашқан әр кедергіден шығатын жол бар. Біздің барымыз да, нарымыз да ауылдың шаруашылығы,- деп кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөліміне өткір пікір білдірді.

 

WhatsApp Image 2023-05-15 at 18.06.57
Айтқанымыздай, ауыл шаруашылығы салғырт қарайтын сала емес. Ол тұтас ауылдың өмірі. Ықылым заманнан ықылық атқан заманға дейін аман келген ауданымыздағы саланың шарықтай түсінуіне аянбай тер төгу – жалғыз жол. Инфрақұрылымдарды тез арада жеткізіп, қарапайым халықтың базынасын тыңдау, ортақ шешімін табу – жауаптылардың міндеті. Осы тұста аудан басшысы Тимур Серікұлы барлығын ақырын тыңдап, кері байланыс жасады. Жағдайы мүшкіл ауыл шаруашылығының ертеңін жоспарлап, аса маңызды мәселердің қатарына енгізді.

WhatsApp Image 2023-05-15 at 18.06.58

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале