15.02.2022, 11:15
Оқылды: 75

Ауыл шөпірлерін жөнге салу керек

Бәйтерек ауданы Достық ауылдық округінің кәсіпкерлері аукцион арқылы жер учаскелерін алып, оны пайдаға асыруда. Мәселен, Достық ауылының тұрғыны Бибігүл Жұбанышева қатты тұрмыстық қалдықтар шығару үшін төлемдер қабылдауға дүңгіршек орнату ісін бастаған. Ол 3 жыл мерзімге 0,0100 га жер учаскесін пайдалануға алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Сондай-ақ Чувашин аулының тұрғыны Армат Жантасов кафе және сауда ғимараты құрылысы үшін 3 жыл мерзімге 0,20 га жер учаскесін алып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәсіпке қолайлы округте мұндай мысалдар жетерлік. Бұл ақпаратты өзінің есептік кездесуінде Достық ауылдық округінің әкімі Әбубәкір Төлеуов айтты.

IMG-20220215-WA0012

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов пен басқа да ел тізгінін ұстаған азаматтардың және ауыл тұрғындарының қатысуымен болған кездесу барысында ауыл әкімі өткен жылы атқарған жұмысы жайында толық мәлімет беріп өтті.

IMG-20220215-WA0010

Былтыр округке қарасты Чувашин, Красный Урал елді мекендерінің көшелеріне тәуелсіздік талаптарына сай келетін жаңа атау беру ісі де ойдағыдай атқарылған. 25 наурыз күні Чувашин ауылында өткен жергілікті қоғамдастық жиналысының №4 хаттамасы шешімі негізінде Ленин көшесі – Тәуелсіздік, Школьная көшесі – Ыбырай Алтынсарин, Молодежная көшесі – Жастар, Кооперативная көшесі – Алаш, Садовая көшесі – Құлагер, Набережная көшесі – Самал, Чаганно-Набережная көшесі – Ақсу болып өзгертілген.

Сондай-ақ Красный Урал ауылында өткен жергілікті қоғамдастық жиналысының №5 хаттамасы шешімі негізінде ауылдағы Садовая көшесі – Достық, Зеленая көшесі – Көктем, Кооперативная көшесі – Балауса, Коммунаров көшесі – Ұялы болып өзгертіліпті.

IMG-20220215-WA0009

Қала іргесінде болған соң ауылға инвестиция құюшылар да көп. Былтыр жеке кәсіпкер «А.Сұлтанова» өз қаражатына құны 60 млн. теңгені құрайтын «Inayat» 100 орындық жаңа балабақша құрылысын аяқтап, ел игілігіне ұсынды. Енді аталған бөбекжай ауылдың 14 адамын жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар ауылға құйылған инвестицияның арқасында халықты күнделікті азық-түлікпен қамтып отырған «Janym» дүкені іске қосылған. Жоба құны 4 млн. теңгені құрапты. Ол жер екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Болашақ» жеке кәсіпкерлігінің иесі Армат Жантасов Чувашин ауылында көлемі 85 шаршы метр болатын шағын маркет ашып, оны «Тәуелсіздік күні» мерекесі қарсаңында қолданысқа берген болса, «Ажыгалиева» жеке кәсіпкерлігі ет өнімдерін сататын дүңгіршек орнатқан. Қазіргі таңда ол жерде бір адам жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар Красный Урал ауылында еңбек етіп жатқан «Гурсаев» ШҚ 130 млн. теңге салып, суармалы әдіспен 300 га жерге көпжылдық ауылшаруашылық жануарларына арналған дақылдарды өсіруді қолға алғаны да жақсылықтың нышаны. Одан бөлек, бидай өнімдерін сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстары жүргізілуде және де балық өсіретін тоған іске қосылды. Оның жобалық құны 100 млн. теңге екен.

IMG-20220215-WA0011

-2022-2023 жылдары Достық ауылында құны 60 млн. теңгені құрайтын инвестиция тартылады. Ол қаржыға монша қызметі мен фитнес клуб іске қосылуы керек. 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтымақ,-деді ауыл әкімі Әбубәкір Төлеуов.

Былтыр ауданға ғана емес, барша облыс көлеміне дүркіреген инвест жобалардың бір «World Green Company» ЖШС-нің жылыжай кешенінің іске қосылуы болды. Қазіргі таңда аталған кешенде Достық ауылынан – 38, Чувашин ауылынан 7 адам жұмысқа орналастырылған.

Елге келген жастар да жұмыссыз қалмауда. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында округке келген 9 маман 30 миллионнан астам көтерме қаржы алып, тұрғын үйге ие болған.

Ауылдың кәріз жүйесі де көптен бері мәселе боп келді. Былтыр «Аяла» ЖШС «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасымен кәріз су құбырларын салып, көпқабатты үйлерді кәріз жүйелеріне қосқан.

IMG-20220215-WA0013

Биыл Чувашин және Красный Урал ауылдарының кіреберіс және ауылішілік жолдарына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылдың 1-ші жартысында жөндеу жұмыстары толығымен аяқталмақшы. Сондай-ақ Достық ауылының электр трансформаторының тіреуіштерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Әр үйдің қасына қосымша 15 темір жәшіктер орнатылып, жеке кәсіпкер Бибігүл Жұбанышева жәшіктердің толуына қарай қоқыс шығаруын өз қолына алмақ. Жеке кәсіпкер Ернар Хайдаров Достық ауылының Ж.Молдағалиев көшесіне жарық шамдарын өз қаражаты есебінен орнататын болады.

Өз баяндамасында ауыл әкімі өткен жылғы кездесуде көтерілген бұралқы иттерді аулау жұмысы да ойдағыдай жүргізілгенін атап өтті. «Жаңа құрылыс» шағын ауданында көше шамдарын орнату ісі де алдағы уақытта толықтай шешілмек. Қазіргі таңда үй салу мақсатында берілген, алайда құрылыс жұмыстарын бастамаған жер иелерімен түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде екен.

Ауыл әкімінен соң аудан басшысы Марат Тоқжанов сөз алып, ауылдарға кірер жолдарды жөндеу, алғаш рет өткен ауыл әкімдерін сайлау және елді мекендерді газға қосу сияқты мәселелердің шешілгендігі мен биыл атқарылар жұмыстар жайына тоқталды. Әсіресе, ауыл азаматтарын Достық ауылына мектеп салынатыны туралы хабар қуантты. Сонымен қатар Чувашин елді мекеніндегі мектеп ғимаратын жөндеу ісі де атқарылатын болады.

Одан соң ауылдағы ағайын өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Көпшілікті ауылдағы жаңа шағын ауданды ауыз суға қосу мәселесі толғандырды. Бұл сұраққа жауап берген ауыл әкімі жаңа ауылға су міндетті түрде жететінін айтты. Ағайын көлік иелерінің жылдамдықты тым асырып, ішіп алып рөлге отыратын жүргізушілер кездесетінін де жиында мәселе етіп көтерді. Бұл жайтты қатаң бақылауға алатынын жеткізген Приурал полиция бөлімінің бастығы ауылға аяқасты рейдттер жүргізіп, шөпірлермен тиісті жұмыс атқаратынын айтты. Сондай-ақ ауылға жылдамдықты қадағалайтын камералар да қойылады екен.

Кездесуде бұралқы ит, бағымсыз мал, көшелерді жарықтандыру сияқты мәселелер де көтерілді. Аудан әкімі тұрғындар сауалына нақты жауап беріп, айтылған маңызды ұсыныстардың талқыланатынын жеткізді.

Жиын соңында ауыл тұрғындары аудан және ауыл әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале