Сырым ауданына қарасты Қособа ауылдық округінің әкімі Беймбет Жайманов ауыл тұрғындарының алдында атқарылған жұмыстары туралы есеп беріп, алда тұрған жұмыстары жөнінде баяндама жасады.

Беймбет Есетұлы ауылдастарына Қособа ауылы бойынша жұмыссыздар есебінде тұрған тұрғындарды жұмыспен қамту, аудан орталығына қатынайтын Жымпиты-Қособа тас жолын толығымен іске қосу, істен шыққан көше жарықтарын ауыстыру және тұрғындардың электр желілерінің кабельдерін жаңарту секілді алға қойған жоспарларын айтты.
Тұрғындардың әкімдерге қойған сауалдары да аз болмады. Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысқан отырыста Қособа ауылдық округінің тұрғындары Жырақұдық ауылындағы мектептің жағдайы, сырғасыз жүрген малдардың қатысуымен орын алатын көлік апаты оқиғалары, ауылдағы малмоланың өлімтікке толып, одан шыққан жағымсыз иіс жөнінде, ауыл іргесіндегі қоқыстың шашылуы, түнгі мезгілде алкогольды өнімдерді сатпау, билайн ұялы байланыс желісінің қызметіне көңілі толмайтынын, балабақшадағы жылу мәселесі және ауыл жастарының басқа ағымдағы дінге бет бұрып кетуіне алаңдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, қособалықтар ауыл ішінен балаларға арналған түрлі аспаптарда ойнауға, ән айтып, би билеуге баулитын үйірмелер ашуды сұрайды.
Жиынға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұханов, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаков , аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев, аудандық ветеринарлық станция басшысы Армат Журалиев, аудандық ветеринарлық инспекция басшысы Равиль Темірболатов, аудандық полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторының бастығы Бекболсын Менешов, аудандық мансап орталығының басшысы Сәбит Өмірзақов және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов қатысты.
Халықпен кездесу отырысына қатысушы өкілдер өздеріне бағытталған сауалдарды қабыл алып, мәселенің бюджетке тірелетінін,алдағы уақытта қарастыратынын айтты. Халық сенді. Жырақұдық халқы үшін өзекті мәселе болып тұрған мектептің жағдайы,балабақша кешеніндегі жылу мәселесі, қала берді балалардың бос уақытын тиімді өткізетін түрлі үйірмелердің болуы - барлығы балалар үшін жасалатын жағдай. Балалар үшін деген сөз-болашақ үшін деген мағынаның шекпені. Тірісінде ауданда жоқ бозкілемді алғаш Қособа ауылына әкеліп төсеген Оралбек Қожагелдиннің артында қалған ауылдың балалары жаңа, сәулетті мектепте оқығысы келеді.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы