Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба аясында Бәйтерек ауданының 6 ауылдық округі тиісті талаптарға сай деп табылды. Соған орай Переметный, Дариян, Макаров, Көшім, Зеленный, Құрманғазы ауылдық округтарының әкімдері бұл бағыттағы өз жобаларын облыс басшылығының алдында сәтті қорғап шықты.
Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба аясында Бәйтерек ауданының 6 ауылдық округі тиісті талаптарға сай деп табылды. Соған орай Переметный, Дариян, Макаров, Көшім, Зеленный, Құрманғазы ауылдық округтарының әкімдері бұл бағыттағы өз жобаларын облыс басшылығының алдында сәтті қорғап шықты.
– Мемлекет басшысының жұмыссыздықты азайту, Жамбыл облысының пилоттық жобасын кеңейту тапсырмасына сәйкес, 2022-2025 жылдарға арналған ауылда «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбекті қалыптастыра отырып, ауылдағы ағайынның табысын арттыру көзделуде.
Сөйтіп жоба аясында шағын несие беріліп, ауылдықтарды нәтижелі жұмыспен қамту және жергілікті жерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жоспарлануда.
Аталған жобаны іске асыру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов бастаған құзырлы құрылым өкілдері көптеген ауылдық округте болып, ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерін ашу, сүтті бағыттағы ірі қара малын, бау-бақша өсіру, жұмыртқалағыш тауық түрлерін көбейту бағытындағы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құрылған арнайы комиссиямен жұмыссыз, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын тұрғындары көп және ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жері, қатқыл табанды жолы бар 6 ауылдық округ анықталды. Бұл округтердегі тұрғындардың жалпы саны 21020 адамды құрайды. Олардың жартысына жуығы экономикалық жағынан белсенді болып табылады. Жұмыссыздар 157, АӘК алушылар 18 жанұя (94 адам). Ал 1205 адам өздерін жұмыспен қамтып отыр. Аталмыш ауылдардың орташа табысы - 83 мың теңге. Жоба шеңберінде 2,5 пайыз жылдық сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие алуға осы ауылдардан 124 адам ниет білдірді. Несие алуға ниеттілердің 18-і жұмыссыз, 4-еуі АӘК алушы, 69-ы өзін жұмыспен қамтып отырғандар болса, қалғаны бюджеттік немесе басқа да салаларда жұмыс істеп жүргендер. Жалпы құны 867,2 млн теңге көлемінде несие алуға пейілді жандардың үштен бірі зеленныйлықтар (230 млн. тг) болса, одан соң дарияндықтар (167,2 млн тг), макаровтықтар (150 млн тг), переметныйлықтар (118 млн тг), құрманғазылықтар (102 млн тг), көшімдіктер (100 млн тг) тұр. 117 адам мал мен құс шаруашылықтарына ден қойғысы келсе, бір адам өсімдік шаруашылығы саласында еңбек еткісі бар. Екі тұрғын ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықтауды, төрт адам шағын кәсіпкерлікті (жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өндірістер) дамытуды көздеуде. Егер бұл пилоттық жоба жүзеге асса, онда жұмыссыздар 18 (11,4 пайыз), өзін жұмыспен қамтығандар 69 (5,7 пайыз), АӘК алушылар 4 (4,2 пайыз) адамға төмендейді, кәсіпкерлер саны 124 адамға артады, өнім өндіру көлемі, соның ішінде сүт 4671 тоннаға (11,8 пайыз), жұмыртқа 905200 данаға (1,2 пайыз), бақша дақылдарынан орамжапырақ 210, пияз 90 тоннаға көбейеді деп күтіліп отыр. Есесіне халықтың орташа табысы 83 мың теңгеден 174,3-199,2 мың теңгеге (2,1-2,4 есе) дейін ұлғаймақшы,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы-заңгері Әйгерім Қожағалиева.
Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін зерттеу бойынша жүргізілген скрининг нәтижесінде аталмыш жобаның тиісті талабына сай деп танылған ауылдық округтің бірі – Көшім. Мұнда 1297 аулада 4418 адам тұрады. Экономикалық белсенді адам саны – 1910, соның ішінде жұмыс жасайтындар – 1635. Ал 231 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр, яғни бәрі де жеке қосалқы шаруашылықта тіркелген. Жұмыссыздар саны 41 адамды құраса, 3 тұрғын АӘК алады. «Біздер бірінші кезекте әр үйді аралап, жоғарыда аталған әлеуметтік осал топқа жататын тұрғандарымен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргіздік,-дейді Көшім ауылдық округтің әкімі Ауған Алмурзин.- Нәтижесінде ниет білдірген 15 адам анықталды, қазіргі таңда болжамды несиелеу шарттарына сәйкес келетін 14 тұрғын іріктелініп, құжаттары жинақталуда. Олар жалпы сомасы 100 млн. теңге несие қаражатын алғысы келеді. Бұл тұрғындардың 11-і сүтті бағыттағы ірі қара малын, ал 3-уі құс алып, осы бағыттағы шаруашылықтарды дамытуды көздеп отыр».
Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, жобаға қатысушыларға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау жасалмақшы. Егер тұрғындар бұл іске жауапкершілікпен қараса, жақсы табыс табуға мүмкіндік мол. Мәселен, сүтті бағыттағы бір сиырдан күніне орта есеппен 15 литр сүт алынады. Сонда он сиыр күніне 150, айына 4500, жылына 54 000 литр сүт береді. Ол сүттің әр литрін 200 теңгеден күн сайын Дариян ауылындағы «Каверин» жеке кәсіпкерлігінің сүт зауытына тапсырады (сүт тасымалдайтын арнайы көлік күн сайын ауылға келеді). Бір сиырдан алынатын күнделікті 15 литр сүттен 3000 теңге түседі. Он сиыр ұстайтын адам 150 литр сүт тапсырып, күніне 30 мың теңге табады. Бір айда он сиыр иесі 4500 литр сүт тапсырып, 900 мың теңге көлемінде қаржы алады. Оның 200 мың теңгесі несие төлеуіне, 150 мың теңгесі сиырдың жем-шөбіне, 150 мың теңгесі малды қарайтын адамның жалақысына, ал 50 мың теңгесі қорада қажетті жылу мен жарыққа және басқа да ұсақ-түйек шығындарды жабуға жұмсалады. Сонда қалған 350 мың теңге таза пайда ретінде түсіп отырады. Яғни әрбір несие алушы 10 сиыр алып, оның сүтінен орта есеппен айына 350 мың теңге пайда көреді. Сонымен қатар әрқайсысы бір адамды 150 мың теңгелік жұмыспен қамтитын болады.
Құс шаруашылығымен айналысатын адам да осындай табысқа жете алады. Округ аумағындағы 11 дүкен, 4 кафе жергілікті өнімдерді алуға дайын. Мысалы бұл бағытқа ден қойғысы келген адам 500 бройлер тауығын етке тапсыру, 500 тауықты жұмыртқасын сату үшін алса, үлкен пайдаға кенеледі. Бройлер тауығын әр алты ай сайын ауылдардағы азық-түлік дүкендеріне 2000 теңгеден тапсырса, жылына 2 млн. теңге көлемінде қаржы түседі. 500 тауық күніне 385, айына 11550, жылына 138 600 жұмыртқа табады. 385 жұмыртқаны күн сайын азық-түлік дүкендеріне 40 теңгеден тапсырса, ауылдарды қолжетімді бағадағы жұмыртқамен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда мұндағы дүкендерде он жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Егер дүкендер жұмыртқаның әр данасын 40 теңгеден қабылдаса, оны 46 теңгеден, яғни ондығын 460 теңгеге сатуға әзір. Сонда 10 дана жұмыртқаның бағасы 600 теңгеден 460 теңгеге, яғни 23%-ға төмендейді. Жұмыртқа өнімділігі 12,4%-ға артады. 138 600 дана жұмыртқадан жылына 5 544 000 теңге, бройлер тауығынан 2 млн. теңге қаржы түседі. Жылдық табыс болып саналатын 7 554 000 теңгені айға шаққанда 629 мың теңгеден келеді. Оның 120 мың теңгесін несие өтеуге, 130 мың теңге жұмысшының жалақысына, 22 мың теңге тауықтар үшін қажет жылудың ақысын төлеуге, ал 9 мың теңге жарыққа жұмсалады. Қалған 348 мың теңге таза пайда!
– Егер бұл жоспарымыз ойлағанымыздай жүзеге асатын болса, ауылдық округтегі жұмыссыздар саны 41 адамнан 34 адамға немесе 17%-ға төмендейді. Осы адамдардың біреуі әлеуетті несие алушы болса, қалған 6 адам тұрақты жұмысқа тартылу есебінен қысқарады. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар 14 адамға немесе 6%-ға төмендейді. Олардың ішінде 6 адам несие алушылар қатарынан болса, қалғаны 8-і тұрақты жұмысқа тартылады. Атаулы әлеуметтік алушылар 2 адамға немесе 66%-ға азаяды. Яғни 2 адам да несие алушылар қатарында. Сүт өнімі көлемі 594 тоннаға, яғни 30%-ға, жұмыртқа өнімі 138600 данаға, яғни 12,4%-ға артады. Қазір ауылымызда айлық орташа табыс сомасы 80 000 теңге болса, жоба аясында ол 106 400 теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, жобаға қатысатын әр аулалардың орташа айлық табыс көлемі 33%-ға артады, - дейді Ауған Ғарифоллаұлы.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz