Жаңа жыл мерекесіне орай Бәйтерек ауданы Макаров ауылдық округіне қарасты Мирный елді мекені көгілдір отынға қосылды.
Ел Президенті өз тапсырмасында елді мекендерді газ, сумен қамтамасыз етуді жүктеді. Аталмыш тапсырма ауданда ойдағыдай орындалуда. Сонымен қатар «NurOtan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында шағын ауылдарды газдандыру мәселесі көтерілген болатын.
Жалпы 2021 жылы ауданда ауыл инфрақұрылымын дамыту жайы ойдағыдай жүзеге асырылды. Биыл 8 ауылды газға қосу жоспарланды. Мирный ауылы солардың екіншісі. Осы іс толық аяқталған жағдайда ауданның газбен қамтылуы 99,5% құрайтын болады.
Қала іргесінде тұрса да, ауылды табиғи газбен қамту жайы Мирныйда оң шешімін таба қоймады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жаңа жыл мерекесіне орай шағын ауыл шаттыққа бөленді. Көп жылдар бойы үлкен мәселенің оң шешілгеніне ауылдағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қуанды. Күннің суығына қарамай игі істің жанынан табылған мирныйлықтардың қуанышын аудан әкімі Марат Тоқжанов бөлісті.
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, өңір басшысы Ғали Есқалиевтің қолдауымен бүтін бір ауылды қуантудың сәті түсті. Біраз жылдан бері мәселе болған түйіннің шешілгеніне барлығымыз да разымыз. Көгілдір отын үйлеріңізге ғана емес, жаныңызға да жылу сыйласын. Газдың игілігін көре беріңіз,-деді өз сөзінде аудан басшысы Марат Тоқжанов.
Кейін ауыл тұрғындары атынан сөз алған Болатжан Өтегенов ауылдың табиғи газға қосылуы Мирный үшін үлкен оқиға екенін айтып, игі істің басы-қасында болған ауыл, аудан, облыс басшыларына ризашылығын білдірді.
Бүгінде шағын ауыл тұрғындары газды үйлеріне қосып жатыр. Мирныйлық Татьяна Фурман сондай бақыт бұйырған тұрғындардың бірі.
-Балалалық, жастық шағым осы ауылда өтті. Тәуелсіздігіміз тәй-тәй басқан шақтан газ мәселесі бірінші кезекте тұрды. Ауыл үшін бұл – үлкен қуаныш. Енді мемлекет басшысы қолдап, аудан басшылығы қостап атқарған істің игілігін көре берейік,-дейді ауыл тұрғыны Татьяна Фурман.
Мирный – табиғи газға қосылған екінші ауыл. 2022 жылы тағы 6 елді мекен осындай қуанышқа кенелетін болады.
Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz