15.03.2017, 20:48
Оқылды: 92

Ауылдағы өзекті мәселелер талқыланды

Bakitjan   Ақоба және Тау ауылдық округтерінде Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылау, насихаттау мақсатындағы  жиын өтіп, оған аталмыш қос ауыл - аймақтың тұрғындары қатысты.


   Жиында сөз алған облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда бес негізгі басымдықты атап көрсеткендігін жеткізіп, оның маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталды. Ол өз сөзінде Елбасының Үкіметке цифрлық индустрияны дамытып, басқа салаларға серпін беру мақсатында «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуды тапсырғандығын атап өтті. Бақытжан Хаберұлы сонымен қатар биылғы жылы Жәнібек ауданында атқарылуы жоспарланған жұмыстарға да тоқталып өтті. Оның ішінде аудан орталығында орналасқан А. Оразбаева атындағы мектептің ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізу, Жәнібек және Қамысты ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су тарту сияқты жұмыстар бар. Басқосуда сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жанат Асантаев Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында тұрғындар шағын бизнесін жүргізу үшін 16 миллион теңгеге дейін несие ала алатындығын мәлімдеп, аталған бағдарламаның бағыттарын және «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын көпшілікке егжей-тегжейлі түсіндірді. Жанат Асылханұлы елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынғандығын айтып, тұрғындарды мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды. Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов Елбасының сарабдал саясатының арқасында халықтың өмір сүру деңгейінің артқанын айта келіп, ауданда атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталып өтті.

   Жиын барысында сөз алған Ақоба ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Мұхамбетқалиев Жолдауда белгіленген агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған шараларды, соның ішінде қосалқы шаруашылық иелерін кооперативтерге тарту жұмыстарын қолдайтындығын жеткізді. Ардагердің айтуынша, Тәуелсіздіктің арқасында Ақоба ауылының әлеуеті жылдан-жылға жетіліп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Еліміз  егемендік  алғалы  бері ауылдың мәдениет үйі мен мектептің  асханасы жөнделген. 2012 жылы Ақобаға көгілдір  отын  құбыры  тартылған.

   – Ауылымызда фельдшерлік пункт, кітапхана секілді әлеуметтік  нысандар жұмыс істеп тұр. Алдыңғы жылы мәдениет үйінің жанынан керім саябақ салынды. Жергілікті  кәсіпкерлер ашқан  дүкендер де баршылық, - деді Мұрат ақсақал. Дегенмен, ақобалықтар ауылға таза ауыз судың келуін тағатсыздана күтуде. Себебі бұл ауылдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ақобалықтар сонымен қатар мектеп жанынан спорт зал салу қажеттігін де басқосу барысында бірауыздан жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешовтың  аталмыш ауылға ауыз су тарту мәселесі облыс әкімі Алтай Көлгіновтің назарында екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыз су жүргізудің жобалық-сметалық құжаты жасақталып, бүгінгі таңда мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал спорт залдың жобалық-сметалық құжаты дайын. Бұл жұмыстар алдағы уақытта оң шешімін таппақ.

    Данияр  ОСПАН

Жәнібек  ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале