11.05.2023, 12:01
Оқылды: 62

Ауылдардың тағдырына алаңдаймыз  

Жәнібек аудандық статистика басқармасының мәліметінше, 2020-2021 жылдары ауданда тиісінше 16033 және 16026 адам есепте болған. 2020 жылы ауданға 461 адам келіп, 679 тұрғын өзге жерге көшіп кеткен. Ал 2021 жылы 260 кісі ауданға келсе, 436 жәнібектік басқа жаққа қоныс аударған. Соңғы үш жылда көші-қон айырымы сәйкесінше 218 және 176 адамға кеміген. 2020-2021 жылдардың қаңтар-желтоқсанындағы негізгі демографиялық көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, 2020 жылы 277 адам дүниеге келсе, 109 адам өмірден өткен. 2021 жылы 293 адам өмір есігін ашса, 111 адам фәниден бақиға көшкен. Табиғи өсім тиісінше 168 және 182 адамды құраған. Ал аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр аудан тұрғындарының саны 15922 адамды құраса, соның 7960-ы аудан орталығында, 7962-сі ауылдық округтерде тұрады екен. 2022 жылы ауданда 244 адам дүниеге келіп, табиғи өсім 132 адамды құрапты. Ауданға 233 адам көшіп келсе, 469 адам басқа жерге қоныс аударған.

IMG-20230203-WA0015

Қалай десек те, жыл сайынғы көші-қон жәнібектіктердің санына айтарлықтай әсер еткенін көріп отырмыз. Әрине, ел болған соң түрлі cебеппен көшіп келушілер мен көшіп кетушілер болмай тұрмайды. Дегенмен ауыл халқының азайып бара жатқандығы айқын аңғарылады. Өйткені қай заманда да ұлттың демографиялық өсімі ауыл-аймақ есебінен болып келген. Оны ауылдағылардың қалалықтардан әлдеқайда көп болған кеңестік замандағы халық санағының қорытындыларынан да анық байқауға болады. Егер болашақта да ауылда тұратындар саны қысқара берсе, халық санының өсетініне сенім де азая түспек.

Алпауыт мемлекеттер шекараларын бекітіп жатқанда, еліміздің шекаралық ауданының қарайған халқы түгел көшіп кетсе, аудандағы шекара басқармасы мен заставасының санаулы сарбаздары кімге арқа сүйейді, кімге төтеп береді? Шекараның мықты болуы ондағы әскерлердің санына ғана емес, шебін бұзбай отыратын халықтың санына да байланысты екенін айтып жатудың өзі артық.

Шалғай ауылдарды айтпағанда, аудан орталығында өндіріс, өнеркәсіп орындары жоқ. Ешқандай өнім өндірілмейді. Ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының күнкөрісі өздерінің қара бастарының қамынан аспайды. Аудандағы «ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» дегендердің аты бар да заты, саны бар да сапасы жоқ. Кәсіпкерлеріміз бағаны күнде өсіріп, тек алыпсатарлықпен ғана айналысуда. Сондай-ақ ауданда экономикалық тұрғыдан тиімді кәсіпті ұйымдастырудың өзі күрделі әрі шығыны көп.

IMG-20230203-WA0020

Урбанизация үрдісімен халық, әсіресе, жастар жаппай қалаға ағылуда. Жас мамандардың ауылға келуі сирек. Осының салдарынан ауылды айтпағанда, аудан орталығында дәрігерлер жетіспейді. Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар қолға алынып жатса да, жас мамандар шалғайдағы аудан, ауылға тұрақтамай қалаға кетуде. Соңғы кездері кәсіпкерлікті қолдау үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылуда. Солардың ұтымды тұстарын шекаралық аймақтарға қолданса, тиімді болар ма еді. Әрине, кез келген ауылдың темірқазығы, ол – ауыл шаруашылығы. Жергілікті шаруаларға шекаралық аймақта отырғаны ескеріліп, жеңілдікпен несие, субсидия берілсе, ұтар еді. Ал кооператив құрылса, оның мүшелерінің кірістерін арттыру бағытында мемлекет тарапынан қолдау шаралары жүзеге асар еді. Мұның өзі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп, тұрақтанып қалуына сеп болары анық.

Жәнібек – облыс  орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы шекаралық өңір. Мысалға, аудан орталығынан 123 шақырым жерде қоныстанған Талов ауылдық округін алайық. Бұл да – Ресейге іргесі тиіп тұрған ауыл. Саратов облысымен шектеседі. Шекаралас «Кіші өзен» деген өзені бар. Кеңестік кезеңде Талов қазақтың ақбас тұқымды кеңшары атанды. Шаруашылықтың атағы алысқа кетіп, облыс, республика тұрмақ, одаққа кеңінен танылды. Бір ғана мысал, кеңшардың «Рекорд» атты бұқасы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде бірінші орынды иеленді. Кеңшар басшылығында орыс және қазақ ұлтының өкілдері болды. Ауыл тұрғындарын қазіргі «Қазақстан халқы ассамблеясы» деп айтуға әбден болатын. Кезінде кеңшардың қарамағында 60 мың гектар жер болса, соның 34 мың гектарын егістік, 26 мың гектарын мал жайылымы құрады. Кеңшар экономикасының негізі болған егін және мал шаруашылығы қарқынды дамыды. Сол кезде аудандағы көшелері асфальтталған жалғыз ауыл да осы-тұғын. Жергілікті халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайы басқа ауылдарға қарағанда көш ілгері еді...

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің экономикасы тұралап, барлық байланыс үзілген кезде жұмыссыз қалған халық күнін көре алмағандықтан, шекаралық ауылдан үдере көшті. Осы округке қарасты кейбір елді мекендердің түтіні мүлдем өшті. Қалса, бірер отбасы қалған шығар. Бұл үрдіс әлі де тоқтаған жоқ. Талов ауылдық округінің әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиевтің айтуынша, ол осында әкім болып келгелі қырыққа жуық отбасы көшіп кеткен. Ауылдағы алпысқа жуық үйдің есігіне қара құлып салынған. Жергілікті халықтың саны да жыл санап кеміп барады.

Ал ауылдың болашағын мектепсіз көзге елестету мүмкін емес. Осы ретте кезінде үлгі жобамен салынған үш қабатты Ғ. Сарыбаев атындағы орта мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің жай-күйі жергілікті тұрғындарды толғандырмай қоймайды. Ауыл іргесі сөгіліп, жастардың тұрақтамауы салдарынан мектепте оқушылар саны жылдан-жылға азаюда. Былтыр ауданның бұрынғы әкімі Азамат Сафималиев осы мәселеге орай Талов ауылдық округінде болып, тұрғындармен арнайы кездесу өткізді. Мақсат – аталған  мектепті орта мектеп дәрежесінде ұстап қалу. Қазіргі таңда мектепте бар болғаны 68 бала білім алуда. Бұл қалыптасқан стандартқа сай келмейді. Орта мектеп дәрежесінде қалу үшін кемінде 81 оқушы болу керек. Әйтпесе, білім ошағы қайта құрылып, негізгі мектепке айналуы әбден мүмкін. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалинаның айтуынша, орта мектепке облыстық білім басқармасының рұқсатымен, шекара маңындағы ауыл болғандықтан, өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берген. Биылғы жаңа оқу жылында оқушы саны көбеймесе, мектептің тоғыз жылдыққа ауысатыны көпшілікті алаңдатуда. Бұл мәселе таяуда сол ауылда әкімдердің тұрғындармен болған кездесуінде тағы көтерілді. Ауыл тұрғыны Нұрзия Лұқпанова осындағы орта мектепте оқитын ұлының 11-сыныпқа аяқ басқалы тұрғанын, алайда мектептің болашағына алаңдайтынын айтты.

Ауылдың үлкендерімен сөйлескенімізде: «Ауылда қалған біз секілді кемпір-шалдар ғана. Содан кейін аз-маз мал ұстап отырған адамдар бар. Мектеп тоғыз жылдыққа айналса, олар қайтпек? Бала-шағаның қамымен, күнкөріс үшін атамекенін тастап кетпей ме? Халықты тұрақтандыруды шұғыл түрде қолға алу – кезек күттірмейтін мәселе. Сол себепті жас отбасыларды ауылға тартып, жағдайларын жасап, мектепті сақтап қалайық», – дейді олар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бұл көштің тоқтайтын түрі көрінбейді. «Осы-
лай жалғаса берсе, елдің шетінде, желдің өтінде жатқан шекаралық аймақ ашық-шашық, жалаңаштанып қалмай ма?», – деген сұрақ мазалайды.

Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  2019  жылғы  2  қыркүйектегі  «Сындарлы  қоғамдық  диалог  – қазақстанның  тұрақтылығы  мен  өркендеуінің  негізі»  атты  Қазақстан  халқына  Жолдауынан: «Ауыл  тұрмысының  сапалы  болуын  қамтамасыз  етпей,  ауыл  шаруашылығының  өнімділігін  арттыру  мүмкін  емес...  Біз  шағын  елді  мекендерді  дамытуға  қатысты  өте  күрделі  мәселені  шешуіміз  қажет».

 

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале