30.04.2024, 18:07
Оқылды: 59

Ауылдастарын қолдаған «Құпия демеуші»

Талант тұлға бойында болғанымен оның тікелей тұтынушысы - халық! Өнер - халықтың қазынасы, ән де, әңгіме-аңыздар да, кез-келген шығармашылық туындысы әлеуметтің еншісі! Шыңғырлау өңірі өнердің түрлі саласын дамытып келе жатырған, жетістігі жетерлік аудан. Бұған тағы бір дәлел жуырда ған мәресіне жеткен «Сәлем, Шыңғырлау» жобасы. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шара көрерменін көп жинаған бұған дейінгі «Егіз лебіз» жобасының заңды жалғасы десек те болады. Бұл жобада да өнер саласында қызмет ететін маманға халық арасынан шыққан басқа саланың мамандарын жұптап, әншілік дуэтпен өнер көрсету көзделген. Қатысушылар әншілік қарымы ғана емес, сахналық мәдениеті, актерлық қабілеті, креативті ой-өрісі қырынан да сынға түседі.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 15.38.03

Жуырда дүркіреп болып өткен жобада жеңімпаздар іріктеліп, финалға жеткендер және жеңіп шыққандар ірі ақшалай сыйлықтармен естелік кәдесыйлармен, дипломдармен марапатталды.

Жобаның әр кезеңінде төмен ұпай жинаған жұптар шығып қалып отырды, мәреге ең мықтылар табан тіреді. Жобадан шыққан жұптарға да ақшалай сыйлықтар ұсынылып отырды. Осындай көлемді қаржылық қолдау білдіріп отырған бас демеушінің есімі де жоба аяқталғанша құпия сақталып, финалдық сайыста ғана жарияланды. Бұл әңгімеміз де сол «құпия» демеуші туралы болмақ.

Сөйтсек, жоба бойына ерекше қолдау көрсетіп, қатысушыларға, жалпы өнерге жанашырлық танытушы тұрғын, аудандық білім бөлімінде қызмет жасайтын Аида Кужиева есімді бойжеткен боп шықты.

Өзін де, есімін де жариялағысы келмеген құпия демеушіміздің бұл жомарттығын біз жасырғымыз келмеді. Себеп, көпке, көрерменге үлгі ету!

Демеушінің жобадан кеткен әр жұпқа қолдауы, шешуші сәттегі жеңімпаздарға ұсынған көлемді сыйы көпшілікке ірі дәулет иесі немесе бизнес майталмандарының өкілі, әйтеуір қалайда бір ақшалы жан деген пікір қалдырғаны рас. Алайда, Аида ондай кәсіпкерлік иесі емес, қарапайым ғана еңбек етіп, жалақы алатын өзіміздей жан. Ал, жомарттық оның жан- дүниесінде боп шықты. Өнерге деген сүйіспеншілік, туған өңірі - Шыңғырлауға деген шынайы сезімі дархан жүректі, қамқор пейілді жанға айналдырыпты. Бұл қасиеттерге ата-анадан алған тәрбие, әулетте бар елжандылық рухты қосыңыз!

Кужиевтер әулеті әуелден еңбекпен өсіп-өнген, жапырағын жайған, керегесі кеңге созылған әулет. Тамырын тереңге тартқан отбасы аудан аймағына кеңінен танымалы.

- Өнерді әулетімізбен ұнатамыз, мұндай мәдени шараларға да барлығымыз баруға тырысамыз. «Сәлем, Шыңғырлау» жобасы түрлі салада жүрген, әншілік өнері жоқ қарапайым жандарды сахнаға алып шықты, сонысымен де ерекше еді. Күнделікті көріп жүретін ауылдастарымыздың бойында мұндай өнердің барлығы әрі таңғалдырды, әрі қызықтырды. Түптеп келгенде бұл біздің туған жеріміздің, ауданның өнері. Бәйгеге түсіп, бақ сынаған ауылдастарымды қолдағым келді. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», ешкімнің сайыстан көңілі түсіп кеткенін қаламадым, осылайша менің демеушілік қадамым жүзеге асты. Әрине, негізі «оң қолымның бергенін сол қолым білмесін» деген ұстанымның адамымын, мұны еш жариялағым да келмеді, ұйымдастырушылардың көрермендер білгені дұрыс, халықтың білгісі келеді деп жариялап жібергені ыңғайсыздық тудырды. Меніңше, аудан өнері жақсы деңгейде. Оған қатысушылардың ұмтылысы мен көрермен жұртшылықтың ықыласы дәлел, тек сол өнерімізге тұрғындар тарапынан қолдау керек. Концерттер мен мәдени шараларға қатысу, халық боп Мәдениет үйіне жиналу деген сияқты қадамдардан бастап, қамқор сөзіңмен, ісіңмен қолдау...!- дейді Аида ару.

Иә, ел ішінде елжанды, туған өлкеге өзгеше сүйіспеншілікпен қарайтын ауылдастарымыз бар екен, олардың ісі көпке үлгі болуы тиіс.

Бұған дейін де ауылдарына жол салған, мектептеріне сый жасаған, мұқтаж балалар мен  үлкендерге қамқор боп жүрген ауыл-аудан азаматтары, кәсіпкерлер мен түлектердің көрнекті қадамдарын естіп жүрміз, жазып та келеміз, сайып келгенде мұның бәрі туған елге деген құрметтен туындайтын ғажап қасиет!

Туған еліне, өнерге деген сүйіспеншілікті ту еткен бойжеткенді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшылығы арнайы жүздесіп, алғыс хатпен марапаттады.

«Өнерлі жандар өзіне ғана емес, өзгелерге де бақыт сыйлай алады. Сол өнерге шынайы жанашырлықпен атсалысып, демеушілік қолдау көрсетуіңіз бәрімізді мақтанышқа бөледі. Сіздің әрбір қатысушыға көрсеткен қолдауыңыз оларға ерекше ынта-жігер сыйлап, жеңіске ұмтылуына, іздене түсуіне себепкер болды. Аудан өнеріне деген қамқорлығыңыз үшін алғыс білдіреміз!» делінген алғыс хатта.

Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале