30.05.2017, 12:23
Оқылды: 249

Ауылды сақтап қалудың Шоқтыбайша әдісі

Shoktibai  Шалғайдағы көптеген ауылда бұзылған үйлердің қалқиған қаңқасы, төбе-төбе қоқыстар көбейгені шындық. Кейбірінде иесіздік орнап, ауылдардың орны ғана қалған. Ал Шыңғырлау ауданындағы Шоқтыбай ауылында жағдай мүлдем бөлек. Сөйтсек олардың ауылды сақтап қалу әдісі бар екен.


   Аудан орталығына 12 шақырым жердегі Шоқтыбай ауылында бүгінде 70-тің үстінде шаңырақ түтінін түтетіп отыр. Ал ауылда 10 шақты үй бос тұр. Ал жазғы шолан, қора-қопсысы мен үйдің есігін құлыптамай, терезелерін шегелемей қалдырып кеткенін көргенде таңырқайсыз.

   Ауыл тұрғыны, орманшы Аталық Қаймулдинов мұның сырын былай түсіндірді:

    -Бізде үй бұзылмайтыны рас. Көшкен шаңырақ үйін бұзбай қалдырып кетуді ертеректен әдетке айналдырған. Бұл ауыл ақсақалдарының насихатымен орындалған үлкен іс, тұрғындардың ауылға деген құрметі, сүйіспеншілігі деп ойлаймын. Бос тұрған үйлердің тіпті ішіне газ кіріп тұрғаны да бар. Ешкім ештеңесін ұрламайды. Көшіп келіп қоныстап жатыр. Келгісі келетін ниетті жастар да бар деп естиміз,-дейді. - Мал ұрланбайды. Жылқыларымызды көктемде шығарып, күзде қамап аламыз. Ауыл тұрғындары 1500 бас ірі қара бағып отыр. Ауылға газ келіп тұр, су да тартылып, колонкалар қойылды. Енді үйлерге қосу жұмыстары қалды. Көшені жарықтандыру жұмыстары да жүргізілді. Көшіп келеміз деушілерге үй дайын. Бағасы да қымбат емес.

   Ауылдағы үйін бұзбай тастап кеткендердің бірі Берікқали Абдуллиев өзін балалары көшіріп алып кеткенін айтады. Бүгінде зейнеткерлік жасқа жақындаған ол сол Шоқтыбай ауылында шаңырақ құрған. Ұл-қыз өсіріп, бүгінде немере сүйіп отыр.

   - Балалар ауылдың мектебін бітірісімен, жоғары оқу орнына түсіп, қаладан жұмысқа орналасып, сол жаққа тұрақтап қалды. Кенже ұлымыз қала маңындағы Круглоозерный ауылынан жер алып, бізді қастарына жақындатып алайық деген ниетте үй салды. Үй салу барысында құрылыс материалы жетпей, біраз қиналды. Ауылдағы үйіміз кең, бертініректе салынған. Біраз құрылыс материалы шығатыны рас. Бірақ, ауылдағы үйді бұзып әкелуге жолдасым да, балдарым да бірауыздан қарсы болдық. Үйімізді бұзсақ, шаңырағымыз шайқалып кетер деген ой көкейімізден кетпеді. Қазіргі таңда Үкімет ауылдарға жақсы көңіл бөлуде. Мал басына тым тәуір субсидия да берілуде. Осындай қарқынмен жұмыстар жүргізіле берсе, қалаға көшкен ауыл халқы қайтадан оралады. Сонда жас мамандарға тұрғын үй керек болады. Егер бұл үйлерді Үкімет қайтадан салар болса, қаншама шығындалар еді. Ал біздер үйімізді тегін бермегенімізбен, бір жас маманның қалтасы көтеретіндей бағаға келісер едік, - дейді ауылдың бұрынғы тұрғыны Берікқали Абдуллиев.

 Әділғазы Кереев,

«Жайық Пресс» ақпарат орталығы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале