21.02.2024, 10:15
Оқылды: 28

Ауылды таңдаған Жандос: «Өмірдің нағыз қызығы ауылда»

Оқу іздеп, жұмыс іздеп туған жерден жырақта жүрген жастармызды ауылға тұрақтандыру үшін, Үкімет пен ауыл жанашырлары біршама жұмыс атқаруда. Тіпті «Қаладан ауылға» атты мемлекеттік бағдарлама да дайындалып, оны жер-жерде насихаттау жалғасып жатыр. Небір ауылдық аймақтарда аталған бағдарлама бойынша нақты жобалар да бар.

Ауылды таңдаған азамат

Айта кету жөн, ауылдарға газ, су, интернет желісі тартылғанымен оның бәрі, әрине, аздық етеді. Сол үшін жұмыс көзі көп ашылуы тиіс. Оның ішінде жастарға жағдай жасалуы қажет-ақ.

Әйтсе де ауылда туып-өсіп, есейе келе сол жерде табан тіреп тұруға ниеттенген жастарымыздың қатары да жетерлік.

Мысалға келтіріп айтсақ, ауылда өсіп-өніп отырған Жандос Казекенов. Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Қотантал елді мекенінде 1991 жылы дүниеге келіп, бүгіндері ата-баба жолын қуып, мал шаруашылығымен айналысып жүр. Казекеновтер әулетінің үлкендері көп жыл бойы мал бағумен жұртқа танымал болса, Жандостың нағашы атасы да жұрт таныған жылқышы болған. Ал анасы 2010 жылдан бері оған «Мирлан» шаруа қожалығын табыстап, ұлына бар сенімін артқан болатын. Әкесі Бөкенбайдың ақыл-кеңесімен іс-тәжірибесін осы іске дұрыс пайдананып, мал басын көбейтіп, мал азығын дайындап, барлық науқандық жұмысын жасап жүр. Көмекшілері - бауырлары оның қолынан келмейтіні жоқ деп мақтан тұтады. Ауылдың жанашыры бұрында анасы Бақтылы болса, ендігі жерде Жандос деп таниды. Ауылдастары қажет болған кезде Жандосқа келіп, техника сұрап, шөбін тасып беруді өтініп жүргендері.

Анасы мен әкесінің мақтанышы болып жүрген Жандостың өз отбасы да өздерінің ауылға деген құштарлығының ешқашан жойылмайтындығын айтады. Жұбайы екеуі тату-тәтті өмір сүріп, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Атқа міну, мал жаю, шөп шабу науқанында ұлдарын ертіп, кішкене кезінен үйрете беуді мақсат тұтқан.

- Өмірдің нағыз қызығы ауылда, тек туған жерді түлетіп, көркейтіп отырсақ қой, шіркін! Қалада жүрген жігіттерім де маған қызыға қарайды. Ал өз басым, ауылды таңдадым, - дейді ауылды сүйген азамат.

Айсұлу Мұса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале